Дəл қазіргі таңда тыныштықтың туын желбіретіп, бірнеше этнос пен әр түрлі конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан ел ретінде Қазақстан әлемге танымал. Тәубе дейік, түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы достық пен түсіністіктің нəтижесінде бейбіт таңымыз арайлап атуда. Елбасымыз болашақтың бағытын айқындап, ел ішінің қаймағы бұзылмай, тыныш өмір сүруі үшін қажырлы істер атқаруда. Себебі, Отаны бір адамзат баласына шаңырағының түтіні түзу ұшуы үшін береке, бірлік ауадай қажет. Ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келе жатқан бірлікті сақтау – ең маңызды міндет. Қазіргі қоғамдағы бүгінгі ауызбіршілік, тұрақтылық пен туысқандық қарым-қатынастар «бірліктің» берген жемісі деп айта аламыз. Тілге шешен, сөзге ұтқыр дана бабаларымыз қашанда сөзге тоқтап, даулы мәселелерге де кесім айтып, ел арасын нүкте қойған.
Ислам – бүкіл түркі жұртының, соның ішінде қазақ халқының ертеден ұстанған асыл діні. Сан ғасырлардан бері халықтың жады мен санасына ізгілік нұрын сеуіп, имандылық жолын нұсқаған ислам діні ұлтымыздың өзегіне айналды. Терең тарихтан тамыр тартқан исламдық дәстүр бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның да іргесін бүтіндеп, тұғырын нықтай түсетін құндылыққа айналып отыр. Бағзы заманнан бері бойына сіңірген ата дінінен Алаш баласы қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде де бүтіндей айнып кетпеді. «Алла бір, Пайғамбар хақ, Құран шын» деп жаттап, аузынан кәлимасын тастамады. Өмірінде мұсылмандықтан мән қалғандар «кімсің?» деген сұраққа «Аллаға шүкір, мұсылманбыз» деп, көкірегінен күміс үн шығарды. «Дін – дəстүрім, салтым – санам» деп санаған, дəстүрін шариғатпен көркемдеген ата- баба дінін жоғалтып алмай, керісінше, өткеннің озығын бүгінгі игілігімізге жаратсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Бүгінде егеменді елімізде тұрғындарды имандылық пен ізгілікке үндейтін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметі кең қанат жайып келеді. Мемлекетте дәстүрлі діннің тұрақты дамуына жан-жақты қамқорлық жасалып отыр. Соның нәтижесінде ислам дінінің қоғамдағы рөлі артып, мұсылман жамағаты еліміздегі рухани құндылықтардың жаңғыруына, тұрақтылықтың орнығуына сүбелі үлес қосуда. Бір өкініштісі, бүгінде мешіт жамағатының арасында аздаған түсініспеушіліктер байқалып қалады. Кейбір дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегіне кетіп қалған азаматтарымыз мешіттің ішкі тәртібіне бағынғысы келмей, имамдармен сөз таластырып жатқан келеңсіз жағдайлардан хабардармыз.
Мысалы өткен жылы Атырау қаласындағы «Иманғали» орталық мешітінде ғибадат ету тәртібін бұзған азаматқа айыппұл салынды. Себебі, іс материалдарында жергілікті азамат Атырау қаласындағы орталық «Иманғали» мешітінде ғибадат ету уақытында мешіттің ішкі тәртібіне бағынбай, дауыс көтеріп, имам мен жамағаттың намаз оқуына кедергі келтірген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бекітілген мешіттің ішкі ережесі мен тәртібіне сәйкес, намаз оқушы жамағат ішкі тәртіп-ережелерін мұқият сақтауға, көрсетілген талаптарды орындауға міндетті. Жамағаттарға мешітте дау-жанжал шығаруларына, қарама-қайшы іс-қимыл, әрекеттер жасауларына тыйым салынады. Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сот қаулысымен мешіттің ішкі тәртібіне бағынбаған «мінезді» азамат ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған жаза ретінде 50 айлық есептік көрсеткіш әкімшілік айыппұл cалынды. Қазіргі таңда мұндай мәселелер еліміздің өзге өңірлерінде де орын алуда. Мұндай оқиғалар әсіресе деструктивті салафизм ағымын ұстанушылар тарапынан орын алып жатқандығын айтуға болады.
Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын-алуға байланысты өткен жылы Алматыда өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мәжілісінде республика мешіттерінің ішкі тәртіп ережесі қабылданған болатын. Аталмыш құжатта мешітке келушінің негізгі құқықтары, мешітте жасауға тыйым салынған әрекеттер, мешітке келушінің міндеттері жеке бөлім ретінде қамтылған. Сонымен бірге, ҚМДБ мешіттерінің ішкі тәртіп ережесі дін қызметкерлері мен мешітке келушілерге байланысты қосымша мәселелерді де қадағалайды. Бұл ереже Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіттерінің ішкі тәртіп ережелерін анықтайтын негізгі нормативті акт болып табылады. Ол Қазақстан Республикасының «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заңына, Қазақстан Республикасының қолданыстағы басқа да заңнамаларының нормаларына, инструктивті құжаттарына және еңбекті ұйымдастыру саласындағы нормативтік актілерге, сонымен қатар ҚМДБ Жарғысына сәйкес дайындалған. Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген аталы сөзін тегін айтпаса керек. Әрбір мешітке келуші азамат осы қағиданы жадынан шығармаса жақсы болар еді.
Жақында Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев «Астана» телеарнасына берген сұхбатында еліміздегі ұстанымы дәстүрлі исламға жат діни ағым өкілдері туралы айтып өткен болатын. Бұл орайда министр дәстүрлі емес діни ағымдардың таралуынан туындайтын мәселелерге де тоқталып өтті. «Қазір біз деструктивті ағым деп кез келген радикалды фанатизмге негізделген, Қазақстанға жат діни ағымдарды айтып отырмыз. Бірақ олардың ішінде қазіргі таңда ең өзекті – ол салафизм деген радикалды ағым. Деструктивті діни ағымдар өз діни түсініктерін біздің тарихи дәстүрлеріміз бен мәдениетімізден жоғары қояды. Олар тек шариғатқа, бағзы діни талаптарға негізделген мемлекеттің құрылысын дұрыс жүйе деп есептейді. Мұндай шетін идеялар сан ғасырлық тарихымызға, сан ғасырлық мәдениетімізге қайшы келетіні сөзсіз», - деп атап көрсетті.
Осы орайда деструктивті діни идеологияның алдын алуда баршамыз өз үлесімізді қосуымыз қажет екендігі анық. Себебі елдегі тұрақтылық іргетасының қалануына, имандылық аясының кеңеюіне мейлінше үлес қосу – күллі мұсылманның міндеті. Олай болса, жағаны кеңге сала бермей, теріс діни ағымды ұстанушылардың жамағат арасын бұзатын, ауызбіршілікке нұқсан келтіретін, жамағат арасында араздық тудыратын істерінің алдын алу керек. Халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан ханафи мәзһабы тек бірлікке үндеген. Ислам ғұламалары төрт мәзһабтың арасындағы айырмашылықтарды да қолданып араздық туындату дұрыс еместігін айтады. Жергілікті халық арнайы бір мәзһабты ұстанып келген болса, онда ол жерге басқа мәзһаб көзқарасын тарату арқылы халықты дүдәмалдыққа салуға болмайтынын еркертеді.
Ал, егер ғасырлар бойы бірнеше мәзһаб қатар ұсталып келе жатса, барлығын бір мәзһабқа мәжбүрлеуге болмайды. Бұл жердегі маңызды мәселе мұсылмандардың, сол елдің бірлігі болуы тиіс. Қазіргі жат ағымдардың соңында кеткен азаматтарымыздың дені бүгінгісін ғана ойлап, діннің шынайы болмысынан шеттегендер. Дін ұстану дүниеден баз кешу емес. Отанға, елге, жерге, бауырға, ата-анаға деген құрмет мен сүйіспеншіліктің қайнар бұлағы діннен бастау алатынын ұмытпайық. Ислам дінінде саф тазалық, керемет көркемдік тұнып тұр.Сол тазалықты, рухани тереңдіктегі тұнықтықты лас ойлармен кірлетпей, адамгершілігімізді жоғалтпайық. Ақын ағамыз Қадыр Мырза Әли: «Татулықтың бәрі де түсінуден, тыныштықтың бәрі де, қанағаттан...» -деп түсіну мен татулық қанағаттың қазанында қайнайтынын жете түсіндірген. Бірлігіміз бекем болсын, ағайын!
Тұрар Әбуов,
дінтанушы