11 қар, 2021 сағат 09:19

Меркель Путиннен миграциялық дағдарысты тоқтатуға көмектесуді сұрады


Германия канцлері Ангела Меркель Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Беларусь-Польша шекарасындағы миграциялық мәселені шешуге көмектесуін сұрады. Бұл жөнінде Меркель әкімшілігінің сайты хабарлады. 

Ақпаратқа қарағанда, неміс саясаткері Путинге Польша шекарасын бұзып өткен мигранттар туралы сөйлесу үшін қоңырау шалған. Ол мигранттарды Еуроодаққа қарсы құрал ретінде пайдалану "адамгершілікке" жат деп айтып, президенттен Минскіге ықпал етуін сұраған.

Кремльдің баспасөз қызметі Путин ЕО өкілдері мен Александр Лукашенко режимімен тікелей байланыс орнатуды ұсынды деп хабарлады.

Еуроодақ 2020 жылдың тамыз айында өткен Беларусьтегі президент сайлауының нәтижесін мойындамайды.

Кейінгі айларда Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия және Африкадан шыққан мыңдаған мигранттар Еуроодаққа мүше болған Польша, Латвия және Литваның аймағына Беларусь арқылы заңсыз кіруге әрекет етіп жатыр.

Еуроодақ бұл үшін Беларусь президенті Александр Лукашенконы айыптап, мұны былтыр президент сайлауынан кейін енгізілген санкциялар үшін Брюссельден өш алу деп есептейді.

Польша премьер-министрі Матеуш Моравецкий 9 қарашада өлке парламентінің шұғыл жиналысында "Лукашенко жасаған шабуылдың артында Путин тұр" деген.

Минск мұны мойындамайды. Мәскеу де оған қатысы бар екенін теріске шығарып келеді.