15 нау, 2022 сағат 11:51

Мемсатып алуларда 4 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталды - Жамаубаев


Мемлекеттік сатып алуларда 4 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы жылдың 2 айында 2,4 трлн теңгеден астам сомаға шамамен 149 мың мемлекеттік сатып алу рәсімі камералдық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 7 437 рәсім бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 90 пайыздан астамын орындады. 328 аудиторлық іс-шара өткізілді», - деді ол. 

Министрдің дерегінше, аудитпен 1 трлн 226 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. Сомасы 4 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. 

«Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу жолымен 2 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметінің тиімділігін жетілдіру және арттыру үшін 226 ұсыным берілді», - деді Ерұлан Жамаубаев.