10 мау, 2020 сағат 09:00

Мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру шаралары дайындалуда - Ерұлан Жамаубаев

Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қарау кезінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылы бюджет шығыстары есебінен 344 бюджеттік бағдарламаны қаржыландыру арқылы 53 стратегиялық бағыт жүзеге асырылды. Стратегиялық жоспарлардың 264 индикаторына қол жеткізілді. 13 мемлекеттік бағдарлама қаржыландырылды. Соның ішінде, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында мыңдаған тұрақты жұмыс орны ашылды. Транзиттік жүк көлемі 20 млн тоннаға жуықтады. 115 шақырым жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды және реконструкцияланды», - деді министр. 

Оның сөзіне қарағанда, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 19 мыңнан астам пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына, көпбалалы отбасыларға және жұмыс істейтін жастар үшін пайдалануға берілді. «Еңбек» бағдарламасы бағытында 22 мың жас техникалық кәсіптік оқумен қамтылды, 19 мың адам микрокредит пен грант алды. Алғаш рет шамамен 6 мыңға жуық жас жеке ісін ашты және кеңейтті. 

«Жалпы мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындады. Алайда, мемлекеттік жоспарлау жүйесінде бірқатар мәселелер де бар. Бұл туралы Үкіметтің есебіне Есеп комитетінің қорытындысында қамтылды. Осыған байланысты мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру үшін Үкіметте тиісті шаралар дайындалуда. Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық жоспарлардың нысаналы индикаторларын өзгертуге тыйым салынатын болады. Мемлекеттік бағдарламаларда қаржылық қолдау алушы кәсіпкерлердің қарсы міндеттемелерінің түрлері де қарастырылады», - деді Е. Жамаубаев. 

Оның атап өтуінше, Үкімет Мәжілістің қарауына бюджет заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын енгізеді. Бұл жобада стратегиялық және бюджеттік жоспарлау жүйесінің механизмдерін қайта қарау, бюджеттік инвестициялардың болжамдық экономикалық тиімділігін бағалау нормасын енгізу, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау шараларын жеткізетін операторларға қазынашылық органдарда арнайы шот ашу қарастырылған. Барлық ұсынылған өзгерістер бюджеттік процесті жетілдіруге бағытталған.