Барлық салада мемлекеттік тілдің үлесін арттыру - бүгінгі басты міндет.
Сондықтан мемлекеттік органдар өз жұмыстары барысында құжат айналымдарында мемлекеттік тілдің үлесін арттыруды ерекше назарға алуы тиіс. Сот жүйесінде бұл міндетті орындау кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Алматы қаласы Алатау аудандық сотында судья Талғат Макулов өткізген «Мемлекеттік тіл» тақырыбындағы семинарда осы мәселе кезекті рет талқыланды. Шараға Алатау аудандық сотының судьялары және мамандары, аудандық прокуратура, полиция департаменті өкілдері қатысты. Сот істерін мемлекеттік тілде жүргізудің жай-жапсарын сөз ете келе, семинар модераторы Талғат Макулов сот өндірісіне қабылданатын істердің арасында мемлекеттік тілдің үлес салмағы жылдан жылға көбейіп келе жатқандығына тоқталды. «Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге қолдау көрсету әр саладағы құзырлы, жауапты мекемелердің өз істерін, ішкі және сыртқы құжаттар айналымын сол тілде жүргізуінің есебінен жүзеге асады. Әрине, сотқа талап арыз қай тілде түссе, іс сол тілде қаралады. Бұл жағынан біздегі көрсеткіштер көз қуантады және мұнда Алатау ауданы тұрғындарының негізінен қазақтар екендігінің де үлесі барын жоққа шығармауымыз керек. Ал, сот құжаттарын мемлекеттік тілде сапалы құрастыру, мемлекеттік органдардың арасындағы хаттарды мемлекеттік тілде жүргізу өзімізге байланысты», — деді Талғат Абдуллаұлы.
Сондай-ақ, семинарға қатысушы құзырлы және қадағалаушы орган өкілдері алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсу үшін қолға алынуы қажетті тетіктер жайлы ойларын ортаға салып, қатысушылар аталмыш мәселедегі жұмыстарды жетілдіруге септігі зор осындай шараны жиі өткізіп тұру қажеттігін айтты.