1 қараша күні Павлодардағы «Қоғамдық келісім» КММ-нің мәжіліс залында «Қазақша сөйлеу оңай!» тіл жобасының ашылуы өтті. Бұл жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының «Ұлы даланың мәңгілік тілі» жобасын жүзеге асыру шеңберінде әзірленді.
«Қазақша сөйлеу оңай!» тіл жобасы – жастарды ұлттық рухани құндылықтарды (мәдениет, салт-дәстүр, әдет-ғұрып) зерделеу арқылы, мемлекеттік тілді қолдану және оны үйренуді кеңінен насихаттауға, жастардың мемлекеттік тілді меңгеру дағдыларын дамытуға, оны өмірде қолдануға бағытталған.
Жобаның негізгі іске асырушылары Павлодар облысының Қазақстан халқы ассамблеясы, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, облыстық ҚХА жастар бірлестігінің жастар үйлестіру кеңесі және «Серпін іскерлері» қоғамдық бірлестігі болып таблады.
«Қазақша сөйлеу оңай!» жобасы мемлекеттік тілді білмейтіндер мен «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алатын студенттен тұратын жұпқа бөлінген, 14-29 жас аралығындағы жастарға бағытталған. Жұптар бірлесіп қарым-қатынас жасау арқылы қазақ тілін оңай меңгереді деп көзделуде. Сондай-ақ, жобаны жүзеге асыру барысында қазақ тілін үйретуші, тәжірибемен бөлісетін жетекші жастарға ақпараттық қолдау көрсету қарастырылады.
Облыстық ҚХА жастар бірлестігінің жастар үйлестіру кеңесінің төрағасы Э. Паули осы іс-шараның модераторы болды. Оның айтуынша жобаның мақсаты: қазақстандық біртектілікті қалыптастыру, мемлекеттік тілді үйрету арқылы қоғамдық келісімді және ұлтаралық бірлікті нығайту, мемлекеттік тілді меңгеру арқылы жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, сонымен қатар, мемлекеттік тілді үйренудің жаңа форматтарын іздеу және үйрету методикасының сапасын арттыру болып табылады.
Жобаны жүзеге асыру шеңберінде апта сайын тренингтер, форсайт-сессиялар өткізіледі және ең бастысы, мемлекеттік тілді білмейтін жастар «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алатын студенттермен топта қарым-қатынас жасайды. Әрбір апта сайын жетекші қазақ тілін үйренушілерге ұпай қояды. Ал қазақ тілін жоғары деңгейде меңгерген азаматтардың аттары «Тіл - бірлік тірегі» атты қорытынды іс-шарасында жарияланады. Жоғары дәрежеге жеткен қатысушыларға сертификаттар беріліп, дипломдармен және құнды сыйлықтармен марапатталады.
«Мемлекеттік тілдің қолданылу аясы мен оның қоғамдағы рөлін арттыру, қазақстандық біртектілік, тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға атсалысу, жалпы ұлттық «Мәңгілік Ел» патриоттылық идеясының құндылықтарын ілгерілету, мемлекетгік тілдің қажеттілігін арттыру, оны кеңінен қолдану арқылы өзге ұлт өкілдерінің тілді меңгеруін қамту – жобанын басты мақсаттары болып табылады», - деп атап өтті Э. Паули.
«Жоба тақырыбы өте қызықты, ол біздің мемлекеттік тілді меңгеруге байланысты таңдалған. Мемлекеттік тілді білу – бұл біздің азаматтық парызымыз және уақыттың талабы. Қазақ тілі өте бай және қазіргі кезде оны меңгеруге мол мүмкіндіктері бар. Меніңше, қазақ тілін білу, үйрену – бұл орыс тілді жастардың рухани баюына жетелейді. Біз өз елінің патриоттары ретінде, өз ана тілімізді дамытуымыз керек», - деп атап өтті тарих ғылымдарының докторы, С.Торайғыров атындағы ПМУ ҚХА кафедраның меңгерушісі, профессор Мамытова Сәуле Нәсенқызы.
Сондай-ақ, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері, «Серпін» бағдарламасының қатысушылары өз ойларын айтты. Бұл жоба оларға өте қызықты және пайдалы болады деп үміттенеді. Осы жобаның 2017 жылғы ақпан айында бастау алған бірінші маусымының жеңімпаздары да өз әсерлерімен бөлісті. Жобаның арқасында олар өздеріне жаңа дос тапқандарына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, қазақ тілінде сөйлесуге және оны жақсы түсінуге үйреніп, ал мектепте оқитын балалар «Қазақ тілі» пәнінен бағалары әлдеқайда жоғарылағанын тілге тиек етті.
«Қазақша сөйлеу оңай!» жобасы аясындағы кездесулер, тренингтер 2017 жылдың 1 қарашасынан, 2018 жылғы 1 наурызға дейін жалғасады. Жоба қорытындысы бойынша, 2018 жылдың наурыз айында мемлекеттік тілді үйренушілер арасында сайыс өткізіліп, жеңімпаздар марапатталатын болады.