13 там, 2021 сағат 20:10

Мемлекеттік субсидия арқылы құстарды сақтандыру жүйесі нарыққа шығады – ҚР АШМ


ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі нарыққа жаңа өнімді шығара отырып, сақтандыру құралдарын кеңейтеді.

Бүгінгі күні мал шаруашылығы саласындағы сақтандыру сыйақыларының бір бөлігін субсидиялау мақсатында 6 өнім бекітілді. Енді бұл тізімге құстарды сақтандыру өнімі қосылды, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігінің Telegram каналы. 

Оператор ретінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ болып бекітілді. 

Өндіріс шығындарын өтеуде, пайда табуда және түрлі жағдайларға байланысты шығынға батып қалмас үшін құс өсірушілер құстарын сақтандырғандары өте маңызды. Бұл сақтандыру өнімі өзекті және қазіргі уақытта сұранысқа ие. 

Жаңа сақтандыру өнімі де ірі қара мал, ұсақ мал және жылқы сияқты сақтандырылады және барлық ықтимал тәуекелдердің шығыны өтеледі. Салыстырмалы түрде айтқанда сақтандырудың құны да төмен болады.

Түрлі аурулардан, өрттен, жазатайым оқиғалардан, табиғи апаттардан өлген жағдайда және ұрланса, жоғалып кетсе сақтандыру шарттарына сәйкес орнын толтыруға мүмкіндік бар. 

Сақтандыру үшін кем дегенде 30 бас құс болу керек. Құстардың санына байланысты -2,31%-дан 2,77%-ға дейінгі түрлі деңгейдегі тарифтер белгіленді. Бұл өнімді оператор бекіткендіктен сақтандыру сыйақыларын мемлекет субсидиялайды. Ол фермерлерді ынталандыруға және сақтандыру сыйақысы сомасының 50%-ын субсидиялау арқылы сақтандыру шартының жарты құнын арзандатуға бағытталған. 

Жүйеде Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігінің лицензиясы бар сақтандыру компаниялары ғана жұмыс істейді. Сақтандыру өнімі шеңберіндегі тәуекелдер әлемдік сақтандыру нарығында «А» рейтингісі бар Халықаралық қайта сақтандыру компаниялары қайта сақтандырады. Бұл сақтандыру жағдайлары туындағанда кепілдендірілген төлемдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

«Шарт жасасудан бастап төлемдерге дейінгі барлық рәсімдер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы негізінде Qoldau.kz платформасында орналасқан Agroinsurance ақпараттық сервисінде атқарылады»,-делінген хабарламада.