13 мам, 2020 сағат 11:00

Мемлекеттік сатып алудағы жемқорлық: Бюджетке 669 млн теңге шығын келтірген 19 адам сотталды

Қазақстанда осы жылдың алғашқы үш айында мемлекеттік сатып алу саласындағы 19 адам сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік сатып алу саласында ескерту жұмыстары қалай жүргізіледі? Қанша қаражатты үнемдеп қалдық? Мамыр айының басына дейін 2 млрд 800 млн теңге қаражатты үнемдеп қалдық. Бұл соманың бір бөлігі бюджетке қайтарылды, бір бөлігіне басқа да сатып алу жүргізілді», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің басқармасы басшысы Данияр Якупов агенттікте өткен онлайн режимдегі баспасөз мәслихатында. 

Агенттік өкілінің айтуынша, осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу саласындағы 19 адам сотталған. Олардың іс-әрекеттерінің салдары 669 млн теңгелік шығын келтірген. 

«Мысал ретінде айта кетейін, биыл сәуір айында Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мамандары 247 млн теңгені үнемдеп қалды. Осы соманың 163 млн теңгесі бір тапсырыс берушіге қатысты. Ол – І.Жансүгіров атындағы мемлекеттік университет. Сонымен қатар Түркістан облысындағы департамент негізгі келісімге тіркелген қосымша келісімді бекіту ісін шектеп, келісім бойынша соманы 32 млн теңгеден 35 млн теңгеге арттыруға жол бермеді. Ол қосымша келісімді Кентау қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы жасамақ болған», - деді ол.