Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет арнайы операция нәтижесінде алаяқтарды әшкереледі. Олар мемлекеттік орган басшыларының сенімді адамдары боп көрініп, азаматтарды алдап, әртүрлі мәселенің шешімі үшін пара беруге итермелеу арқылы олардың ақшасын ұрлаған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, топ мүшелерінің бірі Әбдікерімов сот санкциясымен қамауға алынған. Тағы бір мүшесі Тұрановтан "Халықаралық полиция орталығы" (Interpol Center UN) генерал-майорының куәлігі тәркіленген.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша жедел-тергеу іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр. Аталған адамдардың басқа қылмыстар жасауға қатысы бар-жоғы тексерілмек.
Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.