Қазақстанда жекешелендіру нарықтық бағадан 17 есе төмен бағамен жүргізілуде. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дания Еспаева мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Халық қалаулысының айтуынша, жыл сайын республикалық бюджет денсаулық сақтау жүйесіне, оның ішінде медициналық мекемелерді жаңғыртуға 1 трлн теңгеден астам қаржы құйған, алайда бұл сомалар объектілерді сату кезінде ескерілмеген.
"Қазақстандағы мемлекеттік нысандар нарықтық бағадан 17 есе төмен бағамен жекешелендірілді. Егер мемлекет салық төлеушілердің миллиардтаған қаржысын жаңа денсаулық сақтау объектілерін салуға жұмсап жатса, қолданыстағы емханаларды тиын-тебенге таратудың қандай мәні бар?"– деп наразылық білдірді Мәжіліс депутаты.
Оның айтуынша, қазір жекешелендіруге 700 мемлекеттік кәсіпорын шығарылған, оның ішінде медициналық мекемелер мен "Қазпошта" да бар.
"Сонда балабақшаларға қатысты оқиғадағыдай мемлекет ертең сол емханалар мен басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарды да үш есе қымбат бағаға сатып ала ма?" – деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін "Қазатомөнеркәсіп" жекешелендіру аясында өзінің еншілес Kazakhstan Solar Silicon компаниясын 17 есе аз сатқаны туралы ақпарат тараған.