ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің «Селденқорғау Құрылыс» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры пара алуға әрекеттенгені үшін қамауға алынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Селденқорғау Құрылыс» РМК директорына қатысты пара алу әрекеті бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ол компания басшысынан республикалық маңыздағы автомобиль жолының бойында жер теліміне орналастыру бойынша көрсетілген қызмет туралы анықтама бергені үшін 5 млн теңге көлемінде пара алмақ болған деген күдікке ілініп отыр.
«Күдікті ұсталып, Алматы қаласының полиция департаментіне қарасты уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның кінәсіне қатысты түбегейлі үкімді сот шығарады» делінген агенттіктің ақпаратында.