ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Алаш дәуірі мен бүгінгі тәуелсіз Қазақстан кезеңіне ортақ ұлттық мүдденің не екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» демейтін бе еді Ахаңның өзі? Сол Ахаң дәл жеткізіп айтқан ертеңде өмір сүріп жатқан және оны болашаққа жалғайтын ұрпақпыз. Халқымыз алдыңғы буынның азаттық жолындағы күресінен тәлім ала білуге тиіс.
Өткен ғасырдың басы еліміздің азаттық жолындағы күрес кезеңі ғана емес, ауқымды ағартушылық дәуірі ретінде тарихқа енді. Бастауында Шоқан, Ыбырай, Абай тұрған ағартушылық идеялар Ахаңдардың тұсында жаңаша өрістеді. Сөйтіп бұл кезең қазақтың жаңғыру кезеңі болды», - деді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, ұлттық жаңғыру кезеңі жасампаз тұлғаларды тудырады.
«Дүниежүзінің тарихына зер салсақ, халықтар мен мемлекеттер реформатор тұлғалардың арқасында дамудың жаңа белестеріне көтерілген. Ахаң қазақ үшін осындай тұлға. Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрген дәуір мен қазіргі тәуелсіздік заманын байланыстыратын ортақ мүдде – ұлттық болмысты сақтай отырып, өркениетті ел болу. Ұлт ұстазы қай заманда да халқымыздың үлы көсемі болып қала береді», - деді Мемлекеттік хатшы.