10 қар, 2021 сағат 13:26

Мемлекеттік бюджетке 8 трлн теңгеден астам кіріс түсті – Қаржы министрлігі


ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкіметте мемлекет бюджет кірістері мен асыра орындалған жоспарлар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы 10 айда мемлекеттік бюджетке 8 трлн 719 млрд теңге кіріс түсті немесе жоспар 102,9%-ке атқарылды. Республикалық бюджетке 5,6 трлн теңге түсті немесе жоспар 100,2%-ке атқарылды. Жалпы, кірістер бойынша жоспар 13 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар - 24 млрд теңгеге асыра орындалды. Бұл ретте салықтық емес түсімдер 14 млрд теңгеге атқарылмады», - деді Қаржы министрі Үкімет отырысында. 

Оның айтуынша, салық бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары корпоративтік табыс салығына, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа және шикі мұнайға экспорттық кедендік бажға тиесілі. 

«Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың асыра орындалуы 666 ірі салық төлеуші бойынша аванстық төлемдердің 66,5%-ке ұлғаюына байланысты. Пайдалы қазбаларды өндіруге салық бойынша жоспарды асыра орындауға 2020 жылмен салыстырғанда биылғы 10 айда негізгі экспорттық позицияларға бағаның орта есеппен 28%-ке өсуі әсер етті. Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша жоспардың асыра орындалуына биылғы 10 айдағы мұнай бағасының орта есеппен 44,6%-ке өсуі әсер етті», - деп түсіндірді Е. Жамаубаев. 

Сонымен бірге, жергілікті бюджеттердің кірістері 108,1%-ке атқарылды және 3,1 трлн теңгені құрады. Жоспар 231 млрд теңгеге, оның ішінде салық бойынша – 177 млрд теңгеге асыра орындалған.