09 мау, 2021 сағат 11:30

Мемлекеттік борыш қауіпсіз деңгейде қалып отыр – Қаржы министрі


Мемлекеттік борыш қауіпсіз деңгейде қалып отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау кезінде ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылы республикалық бюджеттің атқарылуы іскерлік белсенділіктің айтарлықтай төмендеуі мен COVID-19 байланысты қатаң шектеу шаралары жағдайында жүзеге асырылды. Жалпы ішкі өнім нақты 2,6 пайызға төмендеді. Бұл негізінен карантиндік шаралардың енгізілуінен қызметтер көрсетудің 5,4 пайызға төмендеуіне байланысты болды. Дегенмен, экономиканың нақты секторы 

2 пайызға өскенін көрсетті. Атап айтқанда, құрылыс – 11,2 пайызға, ақпарат және байланыс – 8,7 пайызға, ауыл шаруашылығы – 5,6 пайызға, өңдеу өнеркәсібі – 3,9 пайызға. Негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемі 3,4 пайызға төмендеді», - деді Е. Жамаубаев. 

Оның айтуынша, бюджеттің басым бағыттары төтенше жағдай кезінде азаматтарды және нақты секторды қолдауға арналған шығыстар болды. Бұл - әлеуметтік төлемдерді индекстеу, шағын және орта бизнес субъектілеріне салық ауыртпалығын төмендету, «Жұмыспен қамту жол картасы», «Бизнес жол картасы», «Еңбек» және басқа да бағдарламалар.

«Экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша Кешенді жоспар қабылданды. Зардап шеккен салалардан шамамен 700 мың кәсіпкер салықтық ынталандыру және жеңілдік шараларымен қамтылды. Шағын және орта бизнес кредиттері жеңілдетілген шарттармен қайта қаржыландырылды. 40 мыңға жуық жоба арзандатылған мөлшерлемемен қаржыландырылды. Зардап шеккен салаларда қарыз алушылардың 80 пайызы кредиттер бойынша төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігін алды. Осы шаралар жұмыспен қамту мен іскерлік белсенділікті сақтауға ықпал етті», - деді министр.

Сонымен қатар ол жұмыссыздық 4,9% деңгейінде сақталғанын айтты. 

«Бюджет процесінің икемділігі қамтамасыз етілді, мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі енгізілді. Осындай жағдайларда республикалық бюджеттің атқарылуы мынадай көрсеткіштермен сипатталады. Бюджет түсімдері 100,3 пайызға орындалып, 12 трлн 

49 млрд теңгені құрады. Шығыстар 98,3 пайызға игерілді және 14 трлн 234 млрд теңгені құрады. Әлеуметтік шығыстар 2019 жылмен салыстырғанда 1,4 трлн теңгеге ұлғайып, 6,6 трлн теңгені құрады. Бұл республикалық бюджеттің жалпы көлемінің 

47 пайызы. Бюджет тапшылығы 2 трлн 185 млрд теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 3,1%-ы болды. Мемлекеттік борыш қауіпсіз деңгейде қалып отыр», - деді Ерұлан Жамаубаев.