10 қар, 2021 сағат 13:45

Мемлекеттік аудит: 156 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар анықталды


Жыл басынан бері 2 765 аудиторлық іс-шара өткізілді және 156 млрд теңге сомасына қаржылық заңбұзушылықтар анықталды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы 10 айда 6,2 трлн теңгеге 758 мыңға жуық мемлекеттік сатып алу рәсіміне камералық бақылау жасалды. Тексеру қорытындысы бойынша 35 мың рәсімнен заңбұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 98%-ін орындады», - деді Қаржы министрі Үкімет отырысында. 

Сонымен бірге, жыл басынан бері 2 765 аудиторлық іс-шара өткізілген. 

«1 трлн 765 млрд теңге бюджет қаражаты аудитпен қамтылды және 156 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауар жеткізумен, қызмет көрсетумен және жұмыстарды орындаумен қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепте көрсету жолымен 123 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 2,4 мың ұсыным берілді», - деді Жамаубаев.