Қызылорда облыстық медицина орталығының бас есепшісі Оксана Оңғарова ҚР Қылмыстық Кодексінің 176-бабы 4 «б» бөлімімен (1997 жылғы редакция) 5 жылға сотталды.
Сонымен қатар оның мүлкі тәркіленіп, қаржыға иелік ету саласындағы қызметті 5 жылға дейін атқаруға тыйым салынды. Ал оның сыбайласы Гүлнәр Өтебалиева ҚР ҚК 28-бабы 5-бөлімімен, 176-бабы 4-бөлімімен (1997 жылғы редакция) 7 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Оған да 3 жылға дейін қаржыға иелік ету саласындағы қызметті атқаруға тыйым салынды. Ол жазасын жалпы режімдегі колонияда өтейтін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тергеу кезінде О. Оңғарова өзіне сеніп берілген бөтеннің мүлкін талан-таражға салу ниетімен туған әпкесі Г.Өтебалиевамен бірлесе отырып мемлекет бюджетінен бөлінген қаржыны аса ірі мөлшерде жымқырғаны анықталды.
Ол өзара жасалған келісім мен айғақтайтын құжаттардың жоқтығына қарамастан 2011-2012 жылдар аралығында «Альянс банк» АҚ филиалындағы «Интернет Банкинг» электронды бағдарламасы арқылы ОМО есепшотынан «Умбетбаева А.» ЖК есепшотына жалпы сомасы 20 082 300 теңге аударған. Ал 2012-2014 жылдары дәл осындай жолмен «Барахатова Г.» ЖК есепшотына 36 697 600, «Искаков Ф.» ЖК шотына 37 625 000, «Утебалиева Д.» ЖК есепшотына 14 390 000 теңге жіберген.
Ал Г.Өтебалиева болса өз таныстары А.Үмбетбаеваны, Г.Барахатованы, Ф.Ысқақовты және М.Үмбетбаевты жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, екінші деңгейлі банктерден олардың есеп шоттарын ашқан. Солардың сенімхаты негізінде есепшотқа түскен миллиондарды қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
2015-2016 жылдары да О.Оңғарова «Форте Банк» АҚ филиалының «Интернет Банкинг» бағдарламасы арқылы үш есепшотқа жалпы көлемі 44 294 577 теңгені аударып жіберген.
О. Оңғарова сотта өз айыбын толық мойындап, ақшаны өз керегіне жұмсағанын айтып берді.
Жалпы оның бұл әрекетінен мемлекетке 153 089 177 теңге залал келгені анықталды.
«Қызылорда облысының денсаулық сақтау» ММ тарапынан О. Оңғарова мен Г. Өтебалиевадан мемлекет пайдасына 107 294 600 теңге өндіріп алу жөніндегі талап арызы толық қанағаттандырылды.
Қызылордадағы №2 соттың 2017 жылғы 13 наурыздағы үкімі заңды күшіне енді.