14 там, 2023 сағат 11:51

Мемлекетке құны 1,6 млрд. теңге орман қорының учаскесі қайтарылды

Көрнекі фото: © Тұрар Қазанғапов, Tengrinews.kz

Мемлекетке құны 1,6 миллиард теңге болатын орман қорының учаскесі қайтарылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақмола облысының прокуратурасына сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Ақкөл ауданының прокуратурасымен сауықтыру, туристік және спорттық мақсаттар үшін ұзақ мерзімге пайдалануға берілген жалпы ауданы 264 гектар орман қорының учаскесі қайтарылған.

Учаске 2018 жылдан бастап көзделген мақсатта пайдаланбаған, жалдау ақысы төленбеген. Сонымен қатар орман өрттері қаупінің жоғары дәрежесіне қарамастан, олардың алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізілмей, өртке қарсы жоспарлар әзірленбеген. 

"Жоғарыда аталған мән-жайлар аудан прокуратурасының актісі бойынша уәкілетті органмен сотқа жүгінуге негіз болды.

Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен ұзақ мерзімді орман пайдалану шарты бұзылып, жалпы құны 1,6 млрд. теңге болатын учаске мемлекет меншігіне қайтарылды" - делінген хабарламада.