21 қаз, 2022 сағат 10:53

Мемлекетке 39 миллиард теңге шығын келтірген ҰҚТ-ға сот үкімі шықты


ҚМА Алматы қаласы бойынша Департаменті ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесіне қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Агенттік мәліметінше, топ мүшелері 2018-2020 жылдар аралығында өз бақылауындағы 25 компания арқылы 135 млрд теңгеге жуық сомаға жалған шот-фактуралар жазып, контрагенттер-сатып алушылардың бюджетке төленбеген салықтар түрінде мемлекетке 39 млрд теңгеге жуық шығын келтірген.

Сондай-ақ, тергеу барысында контрагент-сатып алушылардың бақылаудағы компаниялардың банктік шоттарына түскен қаражаттары шетел компанияларымен жалған шарттар жасасу арқылы республикадан тыс жерлерге шығарылғаны, онда шетел валютасындағы қайтарылмаған қаражаттың сомасы 6,6 млн АҚШ долларын құрағандығы анықталған.

"Сот үкімімен бес айыпталушының барлығы кінәлі деп танылып, оларға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі әртүрлі мерзімге жаза тағайындалды.

Тәркіленген 65 мың АҚШ доллары мен 20 млн теңгеден астам қаржы мемлекет кірісіне айналдырылды" - делінген хабарламада.