Өскемен қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері Үлбі ауданында бірнеше ұрлық әрекетін жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуде жүрген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ПБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта оның оншақты ұрлық дерегіне қатыстылығы анықталды. Қаңтар айының бас кезінде Үлбі ауданына қарасты бірнеше тұрғынның гараждары тоналғаны жайында тәртіп сақшылары шағымдарды тіркеген болатын. Үйдің ауласындағы гаражда сақталған тұрмысқа қажетті заттардың ұрлану дерегі бір тектес, яғни белгісіз тұлға гараждың құлпын бұзып кіру арқылы электрлі ара, перфоратор, дрель сынды аспаптарды қолды етіп отырған.
Барлық деректер бойынша тұрғындарға 1 миллион 2 жүз мың теңгеден астам шығын келтірілген.
«Күдікті Өскемен қаласы Полиция басқармасының уақытша тергеу изоляторына қамалып, оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188 бабы 3 бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды»,- деді Өскемен қаласы Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Даур Ибраев.