29 там, 2019 сағат 07:56

Мемлекет заңсыз сотталған елордалыққа 1 млн төлейді

Қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылған елорда тұрғынына республикалық бюджет есебінен 1 млн теңге өтемақы төленеді. Бұл туралы қалалық соттан мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2017 жылы құқыққорғау органдары азамат Б.-ға қатысты бес ай бойы сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдарын жүргізді. Және ол тергеу шараларына күдікті, айыпты ретінде қатысқан. Кейін сотталушы ретіне сотқа берілді. Салдарынан оның өзіне және отбасының мүшелеріне моральдық зиян келтірілді. Аудандық соттың үкімімен азамат Б. іс-әрекетінде қылмыс  құрамының болмауына байланысты қылмыстық заң бұзушылықтарды жасауда кінәсіз деп танылды. Оған қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылудан келтірілген зиян өтелуі тиістігі шешілді», - делінген қалалық соттың ақпаратында.

Мәлім етілгендей, ҚР Азаматтық кодексінің 923-бабы 1-тармақшасына сәйкес мемлекет елорда тұрғынына келтірілген зиянды толық көлемде өтеп беруге міндетті.

«Есіл аудандық сотының шешімімен республикалық бюджет есебінен азамат Б.-ның пайдасына 1 млн теңге көлеміндегі моральдық өтемақы төленеді. Шешімді орындау ҚР Қаржы министрлігіне жүктелді. Шешім заңды күшіне енді», - деді ведомстводан.