17 шіл, 2018 сағат 15:44

Мемлекет қаржысына салынған Өскемендегі зауыт бір күн де жұмыс істемеген

Шығыс Қазақтан облысында Индустрияландыру бағдарламасы бойынша мемлекеттің 750 млн теңге қаржысына салынған екі нысан әлі күнге дейін іске қосылмаған, деп хабарлайды Аltaynews.kz сайты.

Олардың бірі Аягөздегі құрылыс материалдары комбинаты. Бұл нысанға мемлекеттен 400 млн теңге бөлінген, сондай-ақ барлық қажетті коммуникациялар тартылған. Оның бұрынғы иесі Қуат Әбжановтың сөзінше, ол салынып бітпеген нысанды басқа адамға сатып жіберген.

«Арамза адамдар бизнесті дамытуға деген біздің түзу ниетімізді пайдаланып жатыр. Қуат Әбжанов барлығымызды алдап кетті. Бұған қоса, барлық басқармалар осы жобаға қол қойған, бірақ қауіп-қатерлерді толық талдамаған. Шын мәнінде ол жерде ешкім жұмыс істегісі келмеген. Проблемалық құрылысты шешіп, барлық қажетті шараларды қабылдау туралы тапсырма беремін», - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Дәл осындай жағдай күн батареяларын өндіруі тиіс болған ірі металлургиялық зауытқа қатысты туындады. Жұмсалған қаржының сомасы 350 миллион долларды құрайды. Алайда, ірі көлемдегі мемлекет шығынына қарамастан, кәсіпорын әлі күнге дейін өнім өндіруге кіріспеген.

«Осы мәселе бойынша да мән-жайды анықтау керек. Бұл нысан бір күн де жұмыс істеген жоқ. Оған қоса, ұсынылған технология ескіріп жатыр. Бұл, мемлекет қаржысы желге ұшты деген сөз», - деді өңір басшысы.

Айта кетейік, Индустрияландыру бағдарламасы бойынша облыста 2019 жылға дейін 892 миллиард теңгеге 70 инвестициялық жоба іске қосылуы тиіс. Бұл 14 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.