02 қыр, 2021 сағат 10:25

Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасы әзірленеді - ҰЭМ


Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасы әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет қаржысының тиімділігін арттыру мақсатында Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасы әзірленеді. Тұжырымдама бюджет саясатын, мемлекеттік және квазимемлекеттік борышты басқару, сондай-ақ Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыруын және пайдалануын басқару мәселелерін қамтиды», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, бюджет қаржысын басымдыққа сай жұмсауды қамтамасыз ету үшін «блоктық» бюджетті және жаңа бюджеттік қағидаларды, сондай-ақ бюджеттік лимиттерді бөлудің объективті әдістемесін енгізу көзделеді. Жан басына қарай қаржыландыру тетігін қолдану кеңейтіледі.

«Микро және шағын бизнес субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізіледі. Бұл осы төлемдерді есептеу мен төлеу тәртібін оңайлатуға, сондай-ақ еңбекақы төлеу қорына түсетін жалпы жүктемені 2023 жылдан бастап 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Әсет Ерғалиев.