03 шіл, 2021 сағат 13:13

Мемлекет инвестклиматты жақсарту тұрғысында өзін реформалауы керек - Сума Чакрабарти


Коронавирус дағдарысын еңсеруде қандай қадамдарды іске асырған жөн? Бұл сұраққа ҚР Президентінің кеңесшісі Сума Чакрабарти жауап беруге тырысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы дағдарысты жақсы еңсерген елдерге қарасақ, бұл ретте екі фазаны түсіну керек. Бірінші фаза – дағдарысты басқару. Менің ойымша, өлім-жітім жағдайына қарасақ, Шығыс Азия осы бағытта жақсы қадамдар жасады. Ал вакциналау деңгейіне назар аударсақ, АҚШ пен Израиль, сондай-ақ Ұлыбритания тәуір көрсеткіштерді байқатты. Сондықтан кейбір елдер бірінші фазаға қарағанда, екінші фазада (вакциналауда) өзін жақсы көрсете алды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік жоспарлау жүйесі фунциясының нәтижесі болып отыр», - деді Сума Чакрабарти «Astana FINANCE DAYS 2021 конференциясы аясындағы сессия жұмысында. 

Оның айтуынша, бұл мәселеде бірнеше маңызды қадамдар бар. Біріншіден, жұмыс орындары мен еңбек нарығын сақтай отырып, экономиканы қалпына келтіру. Осы орайда шағын және орта бизнес кәсіпорындары бойынша көптеген жұмыс орындары босап қалды. 

«Бұл жағдайларда мемлекет белсенді қадамдар жасауы тиіс. Мемлекеттік аппарат реформалары дағдарыс мен пандемияға қатысты кейінге шегерілді. Тәуекелдер Қазақстанмен қатар, басқа да елдерге де қатысты. Мемлекет өзіне көшбасшылық рөлді ала берсе, мемлекет экономиканы басқаруды жалғастыра берсе, адамдар осыған үйреніп алуы мүмкін. Яғни нарықтың экономиканы басқаруы назардан тыс қалуы ықтимал», - деді Сума Чакрабарти. 

Осы орайда ол нарық экономиканы басқаруы керек екенін атап өтті. 

«ҚР Президентінің кеңесшісі ретіндегі менің рөліме тоқталсам, экономика мен шаруашылықтың нарыққа бағытталған моделін құруға екпін қойылып отыр. Сондықтан инвестициялық климатты жақсарту, барша реформаларды жалғастыру тұрғысында мемлекет өзін реформалауы тиіс екенін айтуымыз керек. Біздің жоспарлаған даму процесі орнықты болуы тиіс, яғни қазба шикізатын пайдалануды қысқарту маңызды. Энергия тасымалдаушылардың қазба көздеріне ғана сенім арту дәстүрі өткен күннің еншісінде. Отын-энергетика теңгерімінің құрылымын өзгерту керек», - деді сарапшы.