23 қыр, 2024 сағат 19:41

Мемлекет еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне көп көңіл бөледі


Фото:kazgazeta.kz алынды
Еліміздегі кәсіподақ ұйымдары елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. 
Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының тарихы XX ғасырдың басынан бастау алады. Еліміздің негізгі кәсіподақ ұйымы – Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясы 1990 жылы өз тәуелсіздігін жариялаған. КФҚ құрамына түрлі салалық кәсіподақтар кіреді. Олар жұмысшылардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған. 

Бүгінгі таңда кәсіподақ федерациясында 2 миллионға жуық мүше бар. Еңбек инспекторларының саны 18 мыңға жуықтады. 

Федерацияның басты міндеттерінің бірі – өндірістегі жазатайым оқиғаларды тексеру және мемлекеттік еңбек инспекторлары жүргізетін еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жағдайын кешенді тексерулер барысына қатысатын қоғамдық инспекторлардың рөлін күшейту болып табылады.

Негізі елімізде еңбек даулары бірнеше заңнамалық және әкімшілік тетіктер арқылы шешіледі. Негізгі реттеуші заң - Еңбек кодексі. Онда жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы еңбек даулары мен келіспеушіліктерді шешу жолдары анықталған.

Кәсіподақтар еңбекші халық арасында еңбек құқықтарын түсіндіру және заңнама туралы ақпарат беру бойынша белсенді жұмыс жасайды. Бұл ұйым жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы көпір іспеттес. Осындай үшжақты келіссөздер жұмыс орындарындағы жанжалдарды уақытылы шешуде және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауда тиімді құрал. 
Сонымен қатар елімізде мемлекеттік еңбек инспекциясы жұмыс істейді, ол жұмысшылардың еңбек заңнамасын сақтауын қадағалап, құқық бұзушылықтарды анықтап, тиісті шаралар қабылдайды. Жұмысшылар өз құқықтарының бұзылуы туралы еңбек инспекциясына шағымдана алады, инспекция тексеріс жүргізіп, шаралар қолданады.

Мысалы былтырдан бері шешімін таппай келген орманшылардың жалақысы туралы мәселенің нүктесі жақында қойылды. Бұл туралы мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы мәлімдеді. Енді орманшылардың жалақысына 100 пайыз үстеме төленетін болды. Тиісті жауап министріліктен келді. Нәтижесінде орманды қорғау жөніндегі инспекторлардың орташа жалақысы 141 мыңнан 276,7 мың теңгеге, орманшылық басшысы 181 мыңнан 357 мың теңгеге, басшы құрамының жалақысы 198 мың теңгеден 361 мың теңгеге дейін ұлғайды. Аталмыш мәселелердің оң шешімін табуында кәсіподақ ұйымдарының рөлі үлкен екенін айта кеткен жөн. 

Федерация төрағасының айтуынша, кәсіподақтар еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтауда шешуші рөл атқарады.  

«Осы жылдар ішінде кәсіподақтар әлеуметтік серіктестіктің ажырамас бөлігі, еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғаушы, маңызды әлеуметтік-экономикалық реформалардың белсенді қатысушысы болып келеді. Федерация қызметкерлердің мүдделерін білдіріп және олардың заңды құқықтарын қорғай отырып, 16 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдары мен 2 миллионға жуық халықты біріктірген ең үлкен ұйымға айналды. Кәсіподақ федерациясы бүгінге дейін жаңа Қазақстанды қалыптастыруға белсенді ат салысады және әрі қарай жұмысын жалғастыра бермек», - деді ҚРКФ төрағасы. 


Ол сондай-ақ Президенттің жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мәселесінің маңыздылығына тоқталды. Кәсіподақ осы бастаманы іске асыруға жәрдемдесуге әрқашан дайын екендігін жеткізді. 

«Еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым ретінде федерация үшін маңызды аспект – Президент жариялаған жұмысшы кәсіптер мен мамандықтардың беделін арттыру курсы. 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялау – ел игілігінің негізі – Еңбек адамы екенін көрсететін маңызды қадам. Ал Еңбек адамына шынайы қолдау көрсету оның елеулі еңбегін құрметтеуден, мойындаудан басталады», – деп қосты Сатыбалды Дәулеталин.


Расымен де, Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшылар жылы» деп жариялаған бастамасы жұмысшылардың мәртебесін көтеруге, жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы рөлі мен маңыздылығын арттыруға оң септігін тигізетіні сөзсіз. Әсіресе, елімізде жұмыс күші жетіспейтін энергетика, құрылыс, және су шаруашылығы салаларына деген халықтың қызығушылығын арттыра түсері анық. Тоқаевтың айтуынша, адал және табанды еңбек адамы қашан да құрметке лайық болуы тиіс. Сондықтан кәсіподақ ұйымдарының жұмысы одан әрі қыза түспек, себебі еңбек адамдарының жалақысы мен әлеуметтік кепілдіктерін келесі жылдан бастап кезең-кезеңмен арттыру жоспарланып отыр.