
Денсаулық сақтау министрінің ұсыныстары мен талаптары Үкіметтің өзге мүшелері мен әкімдер үшін бірінші кезекте орындалатын міндет болуға тиіс. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорда баспасөз қызметінің Twitter-дегі парақшасына сілтеме жасап.
«Бұл төтенше жағдай болғандықтан, пандемияға қатысты барлық шешімдерді жедел қабылдауымыз керек. Денсаулық сақтау министрінің ұсыныстары мен талаптары Үкіметтің өзге мүшелері мен әкімдер үшін бірінші кезекте орындалатын міндет болуға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия кезінде Денсаулық сақтау министрін ерекше мәртебеге және құзыретке ие деп есептеу қажеттігін баса айтты.
«Министрлікке пандемиямен күрес жөніндегі күнделікті есептің және ақпараттың берілуін қамтамасыз етуді Үкімет пен әкімдіктерге тапсырамын», - деді ҚР Президенті.
