ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Astana Hub» халықаралық IT стартап технопаркінде түркі елдерінің IT форумын ұйымдастыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз инновациялар мен стартаптарды дамытуға қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Бұл – ақпараттық технология дәуірінің басты талабының бірі. Сіздерді Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құру мәселесін зерделеуге шақырамын. Сондай-ақ, келесі жылы IT саласында еңбек етіп жүрген жастарымыздың арнайы форумын өткізуді ұсынамын», - деді ол Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде.
Оның айтуынша, аталмыш шараны «Astana Hub» халықаралық IT стартаптар технопаркінде ұйымдастыруға болады
«Қазір онда 560-тан астам компания жұмыс істеп жатыр. Оның 55-і – шетелдік компания. Стартаптар соңғы 2,5 жылда 375 миллион доллардан астам пайда тапты. Сондай-ақ, 132 миллион долларға жуық инвестиция әкелді. Жалпы, «Astana Hub» технопаркінде жеңілдетілген визалық режим бар. Ал, онда жұмыс істейтін компаниялар салықтан босатылады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.