17 шіл, 2018 сағат 14:36

Мемлекет басшысы «Павлодар мұнай химиясы зауытына» барды

Мемлекет басшысы Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Қазақстанды индустрияландыру картасы аясында түбегейлі жаңартылған әрі өндіріс үдерісі цифрландырылған Павлодар мұнай химиясы зауытының жұмысымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.    

Қазақстан Президентіне жаңарту жұмыстары зауыттың шикі мұнайды қайта өңдеу өнімділігін арттыруға, өнім сапасын К-4 және К-5 стандарттарына дейін жеткізуге мүмкіндік бергені жөнінде мәлімделді. Изомеризациялаудың жаңа автоматтандырылған кешендері және орталық басқару пункті арқылы басқарылатын күкірт өндіретін қондырғылар салынды.


Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда мұнай өндіру көлемінің артуына байланысты дайын өнім көлемін молайту үшін әрі оны ішкі және шетелдік нарықтарға шығару үшін халықаралық стандарттарға сай келетін мұнайдың қайта өңделуін мейлінше жақсартуды қолға алу қажеттігін айтты. 

Елбасы Қазақстандағы мұнай өңдейтін үш зауыттың жаңартылғанына қарамастан, төртінші зауыт салу қажеттігі туындап отырғанын атап өтті.

Қазақстан Президенті зауыттың жас жұмыскерлерімен әңгімелесу барысында Павлодар мұнай химиясы зауыты Кеңес Одағы кезінде салынған зауыттардың соңғысы екенін айтып, оның сол уақыттағы ең озық құрал-жабдықтармен жабдықталғанына тоқталды.


«Сіздер ең заманауи зауытта жұмыс істейсіздер. Мұнда өндірісті цифрландыру ісі қолға алынып, жаңа технологиялар енгізілуде. Сіздер өндіріп жатқан өнімге деген сұраныс артып келеді, демек, сіздердің де табыстарыңыз молая түспек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жас мамандар Мемлекет басшысына «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға және алған білімдерін өндірісте қолдануға мүмкіндік туғызғаны үшін алғыс айтты.