Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте су тасқынының алдын алу бойынша жұмыс істеуді тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
«Президент өткен жылы Қазақстанның 5 өңірінде мың жарымға жуық тұрғын үйді су алғанын баса айтты. Осыған байланысты Үкімет пен әкімдерге аймақтардағы су тасқынының алдын алу үшін дер кезінде шара қабылдау тапсырылды», - деп жазды баспасөз хатшысы.
Сонымен бірге, кеңесте көктемгі егіс жұмыстарына да көңіл бөлінді. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы жоғары сапалы тұқымдармен, тыңайтқыштармен және жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жұмыстарын бақылауда ұстауды тапсырды.
«Қаржылық қиындықтарды бастан кешіретін проблемалық ірі агрохолдингтер мен шаруашылықтарға көңіл бөлу қажет. Үкіметке және әкімдерге көктемгі егістік жұмыстарына мұқият дайындалуды және сапалы жүргізуді, барлық егістік жерлерді барынша айналымға тартуды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.