Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәниге Катар Мемлекеті Консультативтік кеңесі мүшелерін сайлау табысты өтуіне орай құттықтау жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорда сайтына сілтеме жасап.
"Ел тарихында алғаш рет ұйымдастырылған бұл саяси демократиялық шара - Катардың еркін азаматтық қоғам мен зайырлы мемлекет қалыптастыру жолындағы жетістіктерінің айқын көрінісі. Еліңіздегі адам құқықтарын қорғау мен бостандықты ілгерілетуге қатысты бастамаларыңыздың болашақта да жемісті жүзеге асуына тілектеспін. Осы ретте, Шығанақ өңіріндегі Қазақстанның басты серіктестерінің бірі Катармен тығыз байланыстарымыздың жылдан-жылға ауқымы ұлғайып, ықпалдастығымыздың өрісі кеңейіп келе жатқанын зор ризашылықпен атап өтемін. Бірлескен күш-жігеріміз әлеуеті жоғары қарым-қатынасымызды халқымыздың игілігі үшін одан әрі дамыта түсетініне кәміл сенемін", – деп жазылған жеделхатта.