Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңес басталды. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап хабарлайды.
«Алматы – Тәуелсіз Қазақстанның іргесі қаланған қастерлі мекен. Бәріміз үшін бұл шаһардың орны бөлек. Мұнда ел тағдырына қатысты маңызды әрі тарихи шешімдер қабылданды. Ата заңымыз, мемлекеттік рәміздер, ұлттық валютамыз осында бекітілді. Бүгінде Алматы білім, ғылым, мәдениет және іскерлік орталығы ретінде дамып келеді. Соңғы жылдары қалаға жаңа аумақтар қосылып, көлемі 2 есеге ұлғайды. Халқының саны 20 пайызға өсіп, бір миллион сегіз жүз мың адамға жетті. Қалада басқа өңірлерден келген және осы төңіректе тұратын жарты миллионға жуық адам жұмыспен қамтылып отыр», - деді ҚР Президенті.
Сондай-ақ, Президент бүгінде дүниежүзіндегі 600 қалалық агломерация әлемдік ішкі жалпы өнімнің үштен екісін өндіріп отырғандығын жеткізді.
«Біздің шаһарларымыз да ұлттық экономиканы дамытуға зор үлес қосып келеді. Бүгінгі таңда еліміздің ішкі жалпы өнімінің үштен бірі Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына тиесілі. Алматы тәуелсіздік жылдары ірі экономикалық орталыққа және республикалық бюджеттің донорына айналды. Шаһар ішкі жалпы өнімнің бестен бірін, мемлекеттік бюджетке түсетін түсімнің 20 пайыздан астамын және банктер беретін несиенің 60 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, еліміздегі көтерме және бөлшек сауданың 40 пайыздан астамы, сыртқы сауда айналымының 15 пайызға жуығы осы қалада жүргізіледі», - деді Қ. Тоқаев.
ҚР Президенті қала инвесторлар үшін қолайлы ірі өңірлік орталыққа айналғаны туралы да айтты.
«Қазір Алматыда банктердің, халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компаниялардың бас кеңселері орналасқан. Осында ашылған Біріккен Ұлттар Ұйымының 17 мекемесінің өкілдіктері Орталық Азияның өңірлік хабына айналып отыр. Қаланың экономикалық, әлеуметтік, экологиялық мәселелеріне қатысты ауқымды жұмыс жүргізілді. Алдағы уақытта бұл бастамалар жалғасын табуы тиіс», - деді ол.