Елбасы «Карат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Дәулет» жеке индустриялық аймағында болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы нан және макарон өнімдерін шығару жөніндегі цехты аралап көріп, осы жерде өндірілетін дайын өнім үлгілерімен танысты.
Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне Атырау облысындағы инвестициялық жобалар көрсетілді. Атап айтқанда, қуаты 52 мегаватт болатын жел электр станциясы, ыстық күйінде мырыш жалату цехы, робот арқылы дәнекерлеу әдісін қолдана отырып, металл конструкцияларын, карбон негізіндегі қуатты кабель, крекинг катализаторларын өндіру жөніндегі кәсіпорындар, фармацевтика зауыты, қысымды өлшеуге арналған құрылғылар шығаратын зауыт, құс фабрикасы, аумағы 20 гектар болатын жылыжай және басқа да жобалар бар.
***
«Дәулет» жеке индустриялық аймағы – көп салалы заманауи кәсіпорын. Оның құрамында нан және кондитерлік өнімдер өндіретін «Дәулет Нан» зауыты, ауыз су дайындайтын цех, «Райхан» шаруа қожалығы, макарон өнімдерін өндіретін цех, диірмен, ет комбинаты, тігін цехы, сондай-ақ асфальтбетон зауыты жұмыс істейді.
«Дәулет» жеке индустриялық аймағында 244 жұмыс орны ашылған.