ҚР Президенті «Аяла» балаларды сауықтыру орталығына барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орталықты аралап көру барысында Мемлекет басшысы балалардың церебральді сал ауруымен, аутизммен, нейро-ортопедиялық патологиямен ауыратын балаларға арналған заманауи технологиялар мен стандарттары бар әлеуметтік-психологиялық және медициналық оңалту бағдарламаларымен танысты.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа «Бақытты бала» облыстық жобасының жүзеге асырылу нәтижелері жөнінде мәлімделді. Жоба аясында ерекше мұқтаж балалар үшін арнайы коррекциялық балабақша, психологиялық және медициналық-педагогикалық консультация беретін орындар, «Күншуақ» балаларды сауықтыру лагері, аудандарда психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеттері және Ақтөбе қаласының орта мектептеріндегі инклюзивті білім беру ісін дамыту жөніндегі ресурсты кабинеттер ашылып, жұмыс істеуде.
Орталықты бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Ақтөбе мыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып, Швейцария, Чехия, Польша және Ресейдің заманауи құрал-жабдықтарымен жабдықтаған.
Еске сала кетсек, Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақтөбеге келді.