Сурет: zhuk.msr.mosreg.ru
Мемлекет 70 мың қазақстандықтың жалға алған үйінің жалдау ақысының жартысын төлеуге көмектеседі, - деп хабарлайды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жекелеген санаттарға жататын азаматтардың мәселелерін жеделдетіп шешу үшін елімізде жеке тұрғын үй қорындағы баспананың жалға алу ақысын субсидиялау тетігі іске асырылып жатыр.
"2023 жылы бұл мақсатқа 50 миллиард теңге бөлінеді. Бұл амал 70 мыңға жуық адамды қамтуға мүмкіндік беріп, олардың баспананы жалға алудағы төлемінің 50 пайызын өтеуге септеседі", - делінген хабарламада.
Аталған бағдарламаға қатысу үшін өтінішті Otbasybank.kz платформасына жіберуге болады. Субсидиялауға өтініштер электрон цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қабылданады. Сонымен қатар, жалға берілетін тұрғын үйді азаматтар өздері іздеп, таңдауы тиіс. "Отбасы банк" тұрғын үйді жалға алу бойынша субсидияларды жалдау шартының қолданылу мерзімі мен төлемдердің кестесіне сәйкес ай сайын төлейді.
Осы орайда жалға алу төлемдері бойынша мемлекеттік қолдауға 4 санатқа сәйкес тұрғын үйге кезегінде тұрған азаматтар, соның ішінде I және II топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар және көпбалалы отбасылар үміткер бола алады. Бұл ретте үміткер отбасылардың кейінгі 6 айдағы орта айлық жиынтық табысының мөлшері жанұяның әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс.
"Отбасы банкі" субсидия алушылардың сәйкестігіне мониторинг жүргізіп, сондай-ақ, ай сайын төлем тәртібін қадағалады. Өз кезегінде жергілікті әкімдіктер кемінде тоқсанына бір рет жалға берілетін тұрғын үйді тексереді. Бұл орайда жақын туыстарынан, бұрын некеде тұрған жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан тұрғын үйді жалға алуға, сондай-ақ, айтылған баспананы қайта жалдауға өткізуге тыйым салынатынын еске сала кеткен жөн", - делінген хабарламада.