ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызмет саласын бақылау департаментінің директоры Равиль Төлебаев мемлекеттік органдарда қызметкерлерге жұмыс уақытынан тыс артық жұмыс істету мәселесімен қалай күрес жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы өз Жолдауында мемлекеттік қызмет істеріндегі мәселелер айтылған болатын. Қыркүйек-қазан айларында жүргізілген талдау жұмыстары көрсетіп отырғандай, көптеген министрліктерде бұл ретте мәселе көп. Себебі, мемлекеттік қызметшілердің тарапынан жұмыс уақытынан тыс жүктеме баршылық. Бұл мәселеге әлі де атүсті қаралып келеді. Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау министрліктерінде жұмыс уақытынан тыс артық атқарылар жұмыс мөлшері ауқымды», - деді спикер тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.
Ол сонымен бірге, министрліктерде компьютерлерді автоматты түрде өшіру тәртібі орнатылғанымен, бұл шара көмектеспей отырғанын алға тартады.
«Сонымен бірге, мемлекеттік қызметте ыңғайлы кесте енгізу мәселесі де қаралады. Яғни, мемлекеттік қызметшілер арасында сауалнама жүргізе отырып, аталмыш кестені қызметкерлерге енгізуді көздеп отырмыз. Ол бойынша қызметкер таңертең ерте жұмысқа келіп, түсі ас уақытын қысқартып, ерте келсе ерте жұмыстан шыға алатындай болса дейміз. Мемлекеттік қызметте бұл нұсқаны да енгізуге тырысамыз», - дейді департамент басшысы.
Равиль Төлебаевтың айтуына қарағанда, сауалнама нәтижесі көрсеткендей мемлекеттік органдардағы кейбір мемлекеттік қызметшілер жұмысқа ерте келіп ерте кетуді қолайлы көрсе, кейбірі жай келіп жай кетуді жөн санайды.
«Жалпы, сауалнамаға барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысып жатыр. Сауалнама қазан айыны соңында басталған болатын. Кейбір министрліктерле тіпті 1000 сағаттық артық жұмыс анықталып отыр», - дейді сарапшы.
Равиль Төлебаев атап өткендей, қызметкерлерін жұмыстан тыс ұстаған және осы үшін артық ақы төлемеген басшылық үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Еске сала кетсек, Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын сақтау үшін министрліктерде жұмыс компьютерлерін сағат 18.30-да автоматты түрде сөндіру жүйесі енгізілгенімен, бұдан былай мемлекеттік қызметшілер жұмысты ұзарту мүмкіндігіне ие болып отырғанын жазған едік.