26 қыр, 2024 сағат 16:45

Мектептердегі орамал дауы: "Идеология жоқ жерде адасу көп болады"

Фото: Ашық дереккөзден

Мектептерде орамал тағуға байланысты дау неге жиі көтеріледі? Оқушыларға орамал тағуға тыйым салу не үшін қажет? 

Бұл туралы ULT.KZ тілшісіне сұхбат берген белгілі педагог, қоғам белсендісі Аятжан Ахметжан орамал дауы орта білім саласында өзекті мәселе болып отырғанын айтады.

“Хиджаб киюге рұқсат бермегені үшін, өзге елге көшіп кеттік деп қағаз жасатып, бірақ, білім алмай қалып жатқан қыз балалар жылдан жылға көбейді. Ресейдің немесе басқа елдердің онлайн мектептеріне тіркеліп қойып, оқыған оқымағаны белгісіз адам көбейді. Кейбір құжат жүзінде қарапайым, бірақ іс жүзінде діни жеке мектептер пайда бола бастады”, -дейді ол.


Аятжан Ахметжан мектепте бірыңғай форма қатаң сақталуы керек деп есептейді. Себебі мектеп формасы – тәрбие және мектептегі әлеуметтік теңсіздіктің, ала-құлалықтың алдын алатын басты фактордың бірі. Оның ойынша әр дін өкілі өз киімін білімге араластырмай, нақты ортақ тәртіпке бағынуы керек және адам дін ұстануын толық ақылы толғанда өзі шешуі тиіс. 

Педогог бұл мәселеге қатысты елдегі қазіргі жағдайды “былай тартсаң - арба сынады, былай тартсаң - өгіз өледінің” күйі деп бағалады.

“Хиджабқа рұқсат бермесе не болады? Білім алмай надан күйінде қалатын қыз балалар саны жылдан жылға көбейіп барады. Бұл мәселені елемей тастауға болмайды. Екіншіден, мектептерде хиджаб дауы өте асқынып кетті. Бұл бала құқын бұзу деген уәж екі жақтан да айтылып, балалардың сабақ процесіне кедергі келтіріп жатыр.
Ал, хиджабқа рұқсат берсе не болады? Мектепте оранып жүрген оқушылар саны өте қатты көбейеді. Бұл діни мәселе оқушылар арасында қандай ықпалы болады? Сосын, мектепте баланың отбасының діни көзқарасы анық киімнен білінеді. Бұл алауыздық тудырмай ма? Жоғарыда шетелге онлайн кеткен, өтірік көшіп кеткен білім алмай жүрген қыз балалар мектепке оралады”, -дейді А. Ахметжан.


Ұстаздың ойынша орта білім беретін мекемелердегі орамал тағу мәселесі ғана емес, керісінше ашық-шашық киінуі де өзекті проблема болып отыр. Оның айтуынша қысқа белдемше киген оқушы қыздар көп адамның агрессиясын тудырып жатыр.

“Негізі мектеп формасы ондай қысқа емес, бірақ, соның белін жымырып, қысқартып киіп алатын оқушылар көп. Үйінен ұзын киіп шығып, жолда басқа киімге, мини-юбкаға ауыстырып киіп келетін, ата-анасы білмейтін оқушылар да көп”, - дейді ол. 


Мектеп оқушыларының киім киісіне қатысты қоғамда әр түрлі көзқарас туындап, жиі дауға өзек болып жатады. Сонда бұл мәселені қалай шешпек керек? Аятжан Ахметжанның ойынша ең әуелі мемлекетіміздің ұлттық идеологиясын күшейту қажет, сосын қатаң заң қабылданғаны дұрыс.

“Мемлекеттің ішкі идеологиясы жоқ жерде мұндай адасулар көп болады. Идеологиялық мәселелер бізде тек құрғақ ұранмен қалып қойып жатыр. Бұрын идеология мәселесін реттеу үшін “Рухани жаңғыру” бағдарламасы шықты. Бірақ ол ақша игеру, есеп беру үшін ғана жасалған сияқты. Бұл бірінші бағыт. Ал екінші бағыт ол - қатаң заң. Конституция бойынша біз құқықтық мемлекетпіз. Сондықтан бұл мәселе де құқықтық тұрғыда реттелуі керек”, -деп отыр ол.


Айта кетейік, Жоғарғы сот бұқаралық ақпарат құралдарының жарияланымдарында және әлеуметтік желілерде «Жоғарғы Сот мектептерде орамал тағуды заңды деп тапты» деген жалған ақпарат таралғанын, бірақ мектептерде орамал тағуға тыйым салу туралы шешімнің күші жойылмағанын мәлімдеді. 

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жоғарғы сот: Мектептерде орамал тағуға тыйым салу туралы шешімнің күші жойылған жоқ