Мектептерге рейдтік шаралар жүргізіліп жатыр деген ақпарат жалған. Бұл туралы БҚО білім басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Кешеден бері әлеуметтік желілерде мектептерде, дүкендер мен автобустарда жүрген оқушыларды анықтау мақсатында рейд шаралары жүргізіліп жатқаны жөнінде ақпарат таралуда.
Онда «Баланың мектепте болғаны анықталса, сол оқу орны жазаға тартылып, дүкен не автобуста жүрсе, ата-анасына айыппұл салынады» делінген.
«Бұл жалған. Өңір тұрғындарын мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарынан және білім басқармасының ресми парақшаларынан басқа жерлерде жарияланған ақпараттарға сенбеуге шақырамыз. Өтініштер мен сауалдарды БҚО білім басқармасының Facebook-тегі және Instagram-дағы парақшасына жіберуге болады. Сондай-ақ +7 (71-12)-31-23-38, 8-747-112-74-07 байланыс телефоны арқылы басқарманың Call-орталығына хабарласуға болады», деді басқарманың баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын коронавирусқа байланысты БҚО-да жедел штаб жұмыс істеп жатқанын, өңірде 89 адамның бақылауда екендігін, індет тіркелмегенін жазған болатынбыз.