21 сәу, 2022 сағат 13:20

Мектептерде 7-9 мамырға арналған линейкалар бұрын да өткізілмеген - министр


7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне орай мектептерде патриоттық туралы сынып сағаттары өтеді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мұндай линейкалар елімізде онсыз да бұрын ұйымдастырылмайтын. Биыл да өткізілмейді және жоспарланбайды. Баршаңызға белгілі, бұл мереке күндері балалар демалады. Сондықтан, сәйкесінше балалар осы уақытта ата-аналарымен бірге үйінде болады», - деді Асхат Аймағамбетов Сенат отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Мереке алдындағы іс-шаралар жөнінде министр 7 мамыр мен 9 мамыр қарсаңында патриотизм бойынша сынып сағаттары өтетінін жеткізді.

«Онда біз бейбітшіліктің, келісімнің, Отанға деген сүйіспеншіліктің маңыздылығы туралы айтамыз. Бұл жағдайда Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесі туралы да айтылады. Жалпы ахуал осындай, биыл қандай да бір тұжырымдамалық өзгерістер болды деп айта алмаймын», - деді Аймағамбетов.

Сонымен бірге, жақында Білім министрлігі мектептерде әскери киім мен атрибутикалар қолданудың және театрландырылған көрініс қоюдың қажеті жоқ деген ұсыным берген еді.