Zhas Project жобасы мемлекеттік жастар саясатының қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, оның дамуына, жастармен жұмыс істеуде және тәсілдер мен шаралардың пайда болуына ықпал етті. Бұл пікірді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, Қазақстанда жастар корпусын дамыту жобасын Білім және ғылым министрлігі 2016 жылдан бері жүзеге асырады. Жобаның басты мақсаты – осал жастарды дамыту және оларға қолдау көрсету еді. Бүгін елордада «Жастар корпусын дамыту жобасын жүзеге асыру қорытындылары» атты дөңгелек үстел өтіп жатыр.
«Осы 5 жыл ішінде Zhas Project біздің елімізде нағыз брендке айналды және бұл кездейсоқ емес деп ойлаймын. Бұл жоба өмірлік маңызды дағдыларды меңгерген жастарға ғана әсер етіп қойған жоқ. Бұл жастар өздерінің әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруды үйренді, бұл тұтас қоғамымызға оң ықпалын тигізеді. Аталған жобаға 10 мыңға жуық жастарымыз қатысты және 9 мыңы оқуды табысты аяқтады. 4 жыл ішінде екі мыңнан астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылды, оның 20 пайызы ауылдық жерлерде, 20 пайызы білім беру мақсатында болды. Жобалардың 10 пайызы мәдениетті дамытуға бағытталса, кейбірі – әлеуметтік салаға арналды. Сонымен бірге ауылдық жерлерде өте маңызды тілдік курстар, компьютерлік клубтар іске қосылды, ет және сүт өндірісі, тамақ өнеркәсібі құрылды, сұлулық салондары, тігін салондары да ашылды, мұның бәрі жастарға өз жобаларын жүзеге асыруға және бизнесін жалғастыруға мүмкіндік берді», - деді вице-министр.
Сондай-ақ, бұл жобалар қоғамдастық үшін, жергілікті жерлерде жұмыс істейтін мемлекеттік органдар үшін де пайдалы болды.
«Zhas Project мемлекеттің кейбір стратегиялық міндеттерін шешу үшін бірнеше тапсырмаларды іске асырды. Олар жастарды және олардың волонтерлік қызметке қатысуын дамытуға, қоғамдастықтың өмірі үшін жауапкершілікке және мектепті аяқтап, мамандық таңдау кезінде дұрыс шешім қабылдауды үйретуге бағытталды. Атап айтқанда, жоба барысында NEET санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі нұсқаулықтар, жастарды дамыту индексі, волонтерлік қызметті дамыту стратегиясы, кәсіптік бағдарлау жүйесін дамыту жөніндегі әдістемелік ұсынымдар және басқа да құжаттар әзірленген болатын.
Биыл біз жалпы білім беретін мектептердің оқу бағдарламаларына өмірлік маңызы бар дағдыларды үйрету курстарын енгізіп жатырмыз. Осы орайда жоба аясында әзірленген дағдылар бағдарламасын қарастырудамыз. Осы жылдар ішінде жоба мемлекеттік жастар саясатының қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, оның дамуына, жастармен жұмыс істеуде және тәсілдер мен шаралардың пайда болуына ықпал етті деп айта аламыз», - деді Қуаныш Ерғалиев.