Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мектеп түлегіне қатысты сот отырысы басталды. Би алаңында бір-бірінің аяғын басып кеткен мектеп түлектері кейін мәселені жеке шешкен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеде екі мектеп түлегі арасындағы өзара келіспеушілік өліммен аяқталды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, пышақ жарақатынан №19 орта мектеп түлегі Азат Дүсіпов аурухананың жансақтау бөлімінде қаза тапты. Ал бүгін негізгі сот отырысы басталып, прокурор Азамат Байболатов айыптау қорытындысын оқыды. Оқушылар арасындағы жанжал би алаңында басталған.
«2018 жылдың 17 маусымында сағат 21:00 шамасында кәмелетке толмаған Б.Кеңшілік өзінің танысы Әлібековаға қоңырау соғып, кездесуге келіседі. Айыпталушы Б.Кеңшілік өзінің Бақтияр есімді сыныптасымен бірге Ақжар-2 ауылындағы үйінен шығады. Көшеде келе жатып, жиналмалы пышақты тауып алады. Қалтасына салып алып, Ардагерлер үйі аялдамасының қасына келіп, қыздармен кездеседі. Сағат 22:30 шамасында қыздар үйіне қайтпақ болып, жігіттер шығарып салады. Сол жерде демалыс базасындағы би алаңында бір-бірінің аяғын басып, жанжалдасып қалған Азат Дүсіповты кездестіреді. Олар сол кезден бері бір-біріне деген араздықта жүрген. Кездескен кезде А.Дүсіпов Бекназ Кеңшілікті талдардың арасына апарып, төбелеседі. Басқа достары мен қыздар екеуінің әңгімесіне араласпаған. А.Дүсіпов өзінің аяғын басып кеткен Б.Кеңшілікті бөлек шығарып алған соң балағаттап, ұрған», - деді мемлекеттік айыптаушы Азамат Байболатов.
Іс материалына сүйенсек, төбелес кезінде айыпталушы Б.Кеңшілік қолындағы пышақты сілтеп қалады. Салдарынан жәбірленуші А.Дүсіповтың жүрегі мен өкпесі жараланып, көп қан жоғалтады. Сол күні А.Дүсіпов облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде таңғы сағат 5:35-те көз жұмды. Ал айыпталушы Б.Кеңшілік оқиға орнынан кетіп, үйіне барған.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабының екінші тармағы бойынша іс қозғалды. Сот отырысы жалғасып жатыр.