Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мектеп түлегіне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Айыпталушы көзіне жас алып, қаза болған А.Дүсіповтың ата-анасынан кешірім сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін сот отырысында алдымен айыпталушы Бекзат Кеңшіліктен жауап алынды. Ол өз сөзін кешірім сұраудан бастап, өзінің еш арам ойы болмағанынын жеткізді.
«Азаттың ата-анасы және туыстары, шын жүрегіммен, басымды иіп сіздерден кешірім сұраймын. Жасаған қылмысымды және сіздердің алдыңыздағы кінәмды ешқашан жуып-шая алмаймын. Бірақ менде Азатты өлтіру түгілі, оған ауыр жарақат келтіру туралы ойым болмады. Жасаған қылмысымды мойындаймын, бірақ ол қасақана емес. Қылмыс жасағаным рас, бірақ арам ойлы, жаман бала емеспін. Жазамды өтеуге дайынмын, бірақ бәрі әділетті болуы тиіс. Себебі, маған тағылған айып жасаған іс-әрекеттеріме мүлде сәйкес келмейді. Өзім Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатын бітірдім. 25 мамыр күні сыныптастарымызбен, ата-анамызбен демалыс базасына бардық. Жақсы көңіл-күймен тараған соң Аида Әлібекова хабарласып, мені Азаттың іздеп жүргенін айтты. Арада 2-3 күн өткен соң Азат Дүсіповтың өзі жазды. Би алаңындағы жағдайды айтқанда кешірім сұрадым. Ол тоқтамай, балағаттады. Қыздар бірнеше күн өткен соң Азаттың мен туралы ақпарат жинап жүргенін тағы да айтып берді. 15 маусым күні «Алтын белгі» иелерін марапаттау рәсіміне қатыстым. Сол кезде Азатты көріп, ол мені тағы балағаттады»,- деді айыпталушы Бекназ Кеңшілік.
Екі түлек 18 маусым күні кездесеуге келіскен. Бірақ 17 маусым күні айыпталушы Бекназ Кеңшілік қыздарға телефон шалып, қыдыруды ұсынады. Кешкілік қыдырып, қыздарды шығарып салу кезінде айыпталушы тағы Азат Дүсіповты кездестіреді.
«Талдардың арасына апарып, «осы жерден аман шықпайсың» деп айтты. Қатты қорықтым. Себебі, Азаттың бойы ұзын, денелі болды. Намысыма тиетін сөздерді айтпауды сұрадым. Бірақ тыңдамай, анама қатысты лас сөздер айтты. Мен үшін ең қымбат жан ана болғандықтан бұл сөздері намысыма тиді. Кейін мені ұрды. Ес жия алмай, басым айналды. Әрі қарай не болғанын айта алмаймын. Қалтамда болған пышақ жерге түскенде оны алғанымды білемін. Пышақты сілтеп қалдым. Азат «пышақ» деп айқайлады. Әрі қарай таксиде отырғанымды және өзімнің үйімде болғанымды білемін. Қатты күйзелісте болдым. Азаттың қайтыс болғанын әкем айтты»,- деді айыпталушы Б.Кеңшілік.
Еске салсақ, Ақтөбе қаласындағы №19 орта мектеп түлегі Азат Дүсіпов пышақ жарақатынан көз жұмды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, оқиға маусым айының 17-нен 18-не қараған түні Ақтөбе қаласының Тургенев көшесінде болған.