Бүгін Үкімет мүшелерінен құралған жұмыс тобы Түркістан облысының ұстаздарымен кездесіп, Президенттің халыққа арнаған Жолдауын түсіндірді. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова құжатта қамтылған ұстаздардың мәртебесі мен білім саласының сапасын сөз етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бердібек Сапарбаев педагогтарға Жолдауда мектептер мен жалпы білім саласына көп көңіл бөлінгенін, ұстаздардың жалақысын көтеру сияқты мәселелер қарастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ бұл бағыттар бойынша Үкімет тарапынан да көптеген жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
«Мектеп директорының жалақысы мұғалімнен төмен болғаны дұрыс емес. Оның көлемі «Мұғалімдердің мәртебесіне» байланысты заң қабылданғаннан кейін көтеріледі. Директорлар мен орынбасарларының жалақысы білім сапасы мен оқушылардың санына қарай өсетін болады. Еңбекақысы көтерілетін мамандардың қатарында тағы әдіскерлер мен логопедтер бар. Балалармен тікелей жұмыс істейтін сынып жетекшілерінің айлық ақысына да үстеме ақша төленеді», - деді Бердібек Сапарбаев.
Үкімет басшысының орынбасары сондай-ақ, балалардың тәрбиесіне қатысты айтып, ұстаздарға бұл мәселеге көбірек көңіл бөлуді ескертті.
«Сынып жетекшісі мектепке келген бойда баланың қабағынан бәрін біліп отыратындай деңгейге жету керек. Баланың әке-шешесі туралы, отбасындағы жағдайы туралы хабардар болуы тиіс. Бос уақыты болмас үшін балаға пайдалы іспен айналысуға жағдай жасау қажет. Жалпы, бұл бағытта ата-аналардың жауапкершілігін арттыру қажет. Оларды сабақтарға қатыстырып, бәрін көрсеткен дұрыс. Тәрбие сабақтарына зиялы қауым өкілдерін шақырған жөн. Мемлекет, Үкімет метептерге барлық жағдайды жасап жатыр, қалған ауыртпалықтар, ұстаздар, сіздерге байланысты», - деді вице-премьер.
Ұстаздармен кездесу барысында жекеменшік балабақшалар мен мектептер салу барысында жер учаскесіне қол жеткізу, ондағы тексеру шараларының көптігі мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, колледждерде қоғамға қажеті аз мамандықтар даярлау, ондағы білім сапасының төмендігі туралы айтылды.