08 шіл, 2022 сағат 18:57

Мектеп директоры өзіне салынған айыппұлды төлеу үшін мұғалімдерден ақша жинаған


Маңғыстау облысында өзіне салынған айыппұлды төлеу үшін мұғалімдерден ақша жинаған мектеп директоры жазаланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Есболат Өмірзақ мәлімдеді.

«11 арыз-шағым түсті. 6 жоспардан тыс тексеру жүргіздік. Анықталғанындай, бір мектептің директоры өзіне бөлінген сабағын өткізбеген, сол арқылы жалпыға білім беру стандартының талаптарын бұзған. Сол мектепте «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптары да бұзылған. Директор мұғалімдерге мектепке қажетті құрал алуға тапсырма берген. Сондай-ақ, мектеп әкімшілігі мұғалімнің 3 сағат жүктемесін заңсыз алып, оқу бағдарламасы орындалмаған. Сонымен қатар, тағы бір мектеп басшысы өзіне салынған айыппұлды төлеу үшін мұғалімдерден ақша жинаған. Соған сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды», - деді ол.

Жоспардан тыс тексеру барысында бір колледж басшысының атқаратын қызметіне бейіні сәйкес келмейтін мамандарды жұмысқа қабылдағаны расталды.