10 қар, 2022 сағат 19:26

Мектеп директоры кабинетін балаларға беріп, өзі жертөлеге көшкен


Ақтөбеде Есет батыр шағынауданындағы мектепте 3 603 бала оқиды, норма бойынша 2400 бала оқуы керек. Мектеп ұжымы дәлізден, киінетін бөлмеден жаңа сынып жабдықтаған. Директор да өз кабинетін балаларға беріп, жертөлеге көшкен, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы "Диапазон" басылымының сайтына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, мектеп директоры Абзал Тәжімішев 1 қыркүйектен бастап өз кабинетін босатып, жертөлеге көшкен. Өйткені мектепте екі ауысыммен 3603 бала оқиды. Ең көбі - 5-сынып оқушылары, яғни 495 бала. 4-сынып оқушыларының саны - 460, яғни барлығы - 19 сынып. Ең соңғы сынып - "Т" сыныбы. Жыл сайын мектепке 400-500 бала қосылады екен. Ал мектепте орын жетіспейді.


Мектеп директоры Абзал Тәжімішев те жертөледе жұмыс істеп, сонда жиналыс өткізеді. Ол жертөледен жайлы кабинет жасап алған, қазір директорлар кабинетінде 11-сынып оқушылары оқиды.


"1 қыркүйектен бері осындамын. Норма бойынша бір ауысымда 1200 оқушы болуы керек, яғни екі ауысыммен 2400 оқушы оқуы қажет. Ал бізде 3 603 оқушы оқиды, яғни 1203 оқушы асып кетіп тұр. Біз қолдануға болатын барлық нәрсені қолдандық - киінетін бөлмелер, дәліз, жертөле", - дейді ол.