Ата-бабаларымыз сөз мағынасына, оның айтылу мәнері мен қолдану сырына айрықша мән берген. Әрбір сөз өзінің табиғи қызметінен ауытқымай, басқа аталым сөздің мағынасымен араласпай өзіндік болмысын таза, қаз қалпында сақтауға ұмтылған. Мысалға алар болсақ, Ақсу, Қарасу, Қызылсу деп аталатын гидронимдік атаулар қазақ даласында жиі ұшырайды. Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында осылайша аталатын ірі елді мекендер орыс тіліне Беловод, Черновод, Красновод деген түрде қалыптасып кеткен.
Вановкада (Қазіргі Тұраркент) мектепте оқып жүрген кезімде күзетші боп қызмет атқаратын, қазақша жақсы білетін орыс шалы болды. Сол кісіден Беловод, Черновод, Красновод деген сөздің мағынасы не? – деп сұрағаным бар. Сонда шал Жабағылының биік тауында жатқан қарлы таудың басын нұсқап:
– Әне, көрдің бе, сонау тау шыңында аппақ қар мен қап-қара қожыртастың араласып жатуын. Оны қазақтар Алатау деп атаса, біз Пестрая гора деп атаймыз, - деп түсіндірді. Сен сұраған Ақсу, Қарасу, Қызылсу деген қазақша сөздерге қарап, оны біз Беловод, Черновод, Красновод деп атап кеттік. Аппақ боп көбіктеніп аққан соң Беловод деген сияқты судың түсіне қарап аталған селолар ғой деп түсіндіргені бар. Көп жылдар бойы менің түсінігім осылайша өзгермей келді.
Өткен жылы (2008 ж) Сайрам ауданындағы Сарқырама деп аталатын ауылға құдалыққа бардым. Құдамыз мектеп директоры, тарихшы, қазақ шежіресін жақсы білетін, саңлауы кең, білікті, әңгімешіл жігіт боп шықты. Мен одан:
– Ауыл аты не себепті Сарқырама деп аталады? – деп сұрап қалып, содан қызу әңгімеге кірісіп кеттік.
– Ертеде бабаларымыз осы маңға қоныстанып жайласқанда, ауыл жанынан ағып өтетін судың, әсіресе, ел жатып тыныштанған кезінде судың сарыны қатты естілуі себепті, Сарқырама аталып кетіпті. Құлақ салсаңыз түнде ол сарылды өзіңіз де естесіз, – деп күле жауап берді.
– Ақсу (Беловод), Қарасу (Черновод), Қызылсу (Красновод) елді мекені қандай мағына береді. Аққан судың түсіне қарап қойылған гидронимдік атаулар ма? – деп сұрап едім:
– Бұл гидронимдердің орысша калька әдісімен аударылуы оған орыс шаруаларының XIX ғ. ортасында Ресейден көшіп келіп, сулы, нулы жерлерді тартып алып қоныстануына байланысты. Ол гидронимдердің орысша атын қалыптастырып жіберуі себеп болған. Ақсуды, Қарасуды, Қызылсуды орыстар судың түсіне қарап, калька түрімен аударуы себепті, оның мағынасын үстірт ұғынған. Оның қазақша мағынасында судың түсіне емес табиғи ерекшелігіне орай айтылатын сыры бар. Ақсу деп қазақтар ағып жатқан өзен судың басы тау басындағы қардың еруінен алынуы себепті тау басынан ағуынан оны Ақсу деп атап кеткен. Ал, Қарасу дегеннің жазық ойпаң жердегі жерасты суларының бастау көзі ашылып, содан қайнап шығатын тынық жер реңді суды Қарасу деп атаған. Ал көктем шыға қар жылдам еріп, қыр мен сайдағы топырақпен араласып ботана болып ағатын, бірақ ағысы бірер күнде таусылатын суды Қызылсу деп атайтынын көреміз. Бұл гидронимдер табиғаттың бойындағы әрқилы себеп салдарға байланысты пайда болатын құбылыстан туындауы себепті неліктен Ақсу, Қарасу, Қызылсу деп аталатынын кеш те болса ұғынып, үстірт ұғынған қатемді түзегенім бар, - деді.
Бірде Баукең үйіне ауылдан бір топ қарт кісілер келіп қалды. Оларға сәлем беріп, Баукеңе қарап, ауыл шалдарын күтуге не әкелейін, – деп сұрай бергенде:
– Кім айтты саған қарт адамдардың бәрін шалдар деп айтуды, - деп зекіп тастады. Тыңда, білмесең біліп ал, дурак! – деп қарттарға байланысты атау сөздерді таратып айта бастады.
– Қазақ шал деп көп жасаған, өз үй-іші шаруасымен айналысатын, әлеумет ісінен сырттай жүретін бала-шаға қамында өзімен өзі болған қарт кісіні айтады. Ал, кәрие деп отбасы мен онға таяу бір шалдың кіндігінен тараған ауылдағы ағайын-туыстарының қамын ойлап, ағайынның бірлігі мен тірлігіне қорған болып, ауылды ұршықша үйіріп ата-баба дәстүрін көзінің қарашығындай сақтап, ауылын әңгіме дүкен құрып, өсиет сөзбен тәрбиелейтін көргенді қартты кәрие деп қадірлейді. Ал, ақсақал құрметіне кәриенің бірегей санаулыларының ғана қолы жетеді. Ақсақал ата жолын жете білетін, ата-баба дәстүрі мен тарихынан мол хабары бар, шежіре таратып, айтыс тартыста елдің сөзін ұстайтын билікке әсері бар ақылды, білімді, дінге, салтқа берік санаулы кісілерді ғана айтады. Ел ақсақалы айтса болды, мәселе шешімін табады. Сен бұл ұғымдардың ара жігін жақсы танып біліп алуың керек, – деп ескерту жасауы мен үшін өмірлік сабақ болды. Кейде алды артына қарамай лақ етіп сөйлей салатын салдыр салақтығымнан бой тартып аңдап сөйлеуге тырысатын болдым.
Міне, осы кәрие-идеологтар – ауыл адамдарын, алыс-жақын, ағайын-туыстардың рухани тұтастығын сақтау арқылы қалың қазақтың рухани ұйтқысына айналған асылдарымыз екеніне ой жүгірте бастадым.
Бүгінде газет-журналдар мен теледидарларда аты шыққан танымал ақын-жазушы мен ғалымдарды пәленше абыз, түгенше абыз дейтін абыздар күн өткен сайын балалап көбейіп барады. Тіпті әйел кісілерді де абыз дей бастадық. Осыған қарағанда есте жоқ ескі замандардан бермен қарай өте сирек қолданысқа түскен қастерлі абыз атауының мән-мағынасын жете түсінбей өте үстірт қарап жеңілдетіп алған тәрізідіміз. Өйткені консерваторияның қобыз класын бітірген өзі қара қобызды құйқылжыта арқаланып тартатын жас ғалым Әсем Бұрханқызы Мұхаметжанның «Абыздан қалған асылдар» (Алматы «Алаш» баспасы, 2006 ж., 182 бет) деп аталатын ғылыми монографиясын оқысаң, осы пікірге еріксіз келгендей боласың. Әсемнің ой қорытуына қарағанда, Абыздар интуитивтік сана-сезімнің иесі, Қорқыт және Қорқытқа дейінгі абыздар дүниетанымы жағынан қарағанда олардың бәрі де таза тәңірлік діннің жетекші өкіліне жатады екен. Бұл – тарихи шындық, еш қоспасы жоқ сол кезеңнің дүниетанымы абыздар туындысы арқылы синкретті өнерден өз көрінісін тапқан, қайталанбас рухани құндылықтың өзегіне айналған бірегей құбылыс. Атақты филолог ғалым Қ. Жұбановтың танымында: «... ескі кездегі шамандарды абыз, – деп «ру бастықтары, ру ақсақалдары, «бақсы-балгерлер мен қобызшы, домбырашы, әншілердің барлығы да абыздардан өрбіген», – деп абыздың синкретті өнер өрісін кеңейтіп, оның өмірге өріс жаюының негізі қайда жатқанын нұсқай көрсетуінің елеулі мәні бар құбылыс.
Күй атасы Қорқыт атанған абыз бабамыз Тұранды жайлаған түрік халықтарының ой-санасында таза тәңірлік діннің өкілі ретінде қабылданады. Ал, ислам дінін түрік халықтары жабыла қабылдап исламият әлеміне қоян қолтық тікелей араласып кетуінен ой-сана мен дүниетанымдағы өзгеріс «Қорқыт ата кітабында» бейнеленетін алғашқы маргиналдық сана табиғаты да көрінісін берді. Жырдағы Қорқыт Ата қаншалықты ислам дүниетанымында болса да, тәңірлік танымның көріністері әр жерде-ақ көрініс беріп жатқан ерекшелікті анық сезініп отырамыз.
Абыз тұлғасының өте көне тарих қойнауында қалыптасып жетілген түрін танып білмей, бүгінгі абыз ұғымының түп мағынасына дендей алуымыз екі талай. Заман ағымын алдан болжап, көріпкелдік жасап, тұла бойы синкреттік өнерге тұнған, сөз сөйлесе төгілген шешен, ой ойласа көріпкел көсем, халқының рухани әлемінің өзегіне айналған бірегей кетпен тұяқ кемеңгер тұлға ғана абыздық деңгейге жете алған. Мұндай тұлғаның болмысын б. з. б. дәуірде ғұмыр кешкен Үйсін мемлекетінің билік пирамидасындағы 9 сатылы биліктің алтыншы сатысынан ойып тұрып орын алған абызды мемлекеттік жоғары билік сатысындағы қызметтен көре аламыз. Бұл жайлы нақтылы жазба дерек көздері де б. з. д Қытай жылнамаларында жазылған, ресми түрде хатқа түскен құжаттар қабатынан ұшырата аламыз. Мысалы, Қытайдағы Үрімші қаласында 2005 жылы Қытай тілінен қазақ тіліне аударылып басылым көрген «Ежелгі Үйсін елі» деп аталатын ғылыми еңбекте Абыз туралы аз болса да саз ғана өте сирек дерек көздері ұшырасады. Осы кітаптың 271-бетінде «Үйсін елінің билік жүйесі» деген тақырыппен берілген Үйсін мемлекетінің мемлекетті басқару пирамидасындағы ең негізгі 9 сатылы қабаттан тұратын, яғни оларды 15 лауазымды ұлық бірлестігі ең биік бүкіл мемлекеттік билік орындарын меңгеретіні жазылған. Бірінші орында тұрған ең биік шешуші орын – елбасы яғни ол Күнби деп аталады, 2- Дулы (дұғлу) – бас уәзір, 3- қолбасы, 4- тайпа басшылары, 5- Дарту яғни бас жасауыл, 6-шы орында – Абыз (бас бағамдар) 2 адам тағайындалған, 7-Ұлыс бегі, 8-Орда бегі, 9-Атқосшы (әмір сарбазы). Тоғыз дәрежеге бөлінген өкіметтік ұйымды орталықтанған 15 ұлық бірлігі меңгеріп, басқарып отыратын болған.
Осы билік иелерінің ішінде абызға қоғам өмірінің дүниетанымдық, идеологиялық өміріне басшылық ету тапсырылуы себепті, абыздардың өзі өзара «Бас ақылгөй абыз» (180 бет); «Санаткер абыз» (215 бет); «Төреші абыз» (370 бет) деп аталып, олар өздеріне тиісті салаға басшылық еткен. Бас ақылгөй абыз – Күнбиге кеңесші ақылгөй болумен бірге көріпкелдік қасиеті басым, өнер иесі, қоғамның келешек тағдырын барлап, қандай тағдырға ұшырарын болжап отырған. Санаткер абыз табиғаты шамасы синкретті өнер атаулының бет алысын, даму жолын танып білу жолында бойына біткен өнердің күшімен қалың үйсін елінің рухани ұйытқысына айналып, қауымын күнби саясатының маңына сүттей ұйытып отыруға ұмтылған. «Төреші абыз» – қоғамның юристпруденциясына жөн сілтеп, төрешілік етіп отыруына қарағанда, қазақтың атақты билерінің түп төркіні мен билік қызметі осы абыздықтан әуже алып жатқандай. Әрине, бұлардың бәрі де тәңірлік дүниетаным негізіне сүйеніп, қоғамдық санаға сол тұрғыдан бағыт-бағдар берсе керек. Өйткені қоғам мүшелерін рухани тұтастықта ұстап, осы мақсатқа ұйытып отыру міндеті олар үшін әрі қоғамның саяси-әлеуеттік мүддесі үшін шешуші әрі басты парызы ретінде саналған. Үйсін тарихының б. з. б. 3-ғасырдан б.з-ғы 10 ғасыр арасындағы 1200 жылдық тарихы Қытай жазба деректерінде хатқа түсіп сақталып, бізге жетті. Мемлекетті басқарудың 9 дәрежелі сатысы өзгеріссіз дәстүр ретінде жалғасын тауып абыздар атқаратын тәңіршілдік дүниетаным негізінде қоғамның рухани тұтастығын сақтау парызы өзгеріссіз сақталып, V-VIII ғ-ғы Түрік қағанаты заманында абыздық қызметін Тоныкөк, Қорқыт Ата атқарған деп батыл түрде болжам жасауға айрықша дәлелдер жетерліктей.
Өйткені Тоныкөк қоғамның ақылгөй көріпкелі болудың үстіне Қытай мен Түрік елі арасындағы идеологиялық күрестің дәл ортасында қызу атсалысып, жау жақтың құйтырқы идеологиялық айла, тәсілінің шырмауына түсіп қалмау жағына ескерту жасап отыруында көп мағыналы сырлар жатыр.
Әз Жәнібек заманында ханның абызы ретінде қызмет еткен Асан қайғыны көреміз. Ханға ақылгөй болумен бірге қазақ қауымының келешегі туралы көріпкелдік пікірін толғай отырып:
Бұдан соң қилы-қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып жаман болар.
Қарағайдың басына шортан шығып,
Балалардың өмірі тамам болар, –
деп ханға айтқан болжау сөзінде болашақта Ресей империясының отарлау саясатын шортан бейнесі арқылы меңзейтіні бар. Бұл қасіреттен құтылудың жолы жаңа қоныс іздеп, өз танымындағы Жиделі-Байсын қонысын Желмаясына мініп іздейтін арманы жәй қиял емес, шындықтың өзінен, яғни бодандық лебін сезінуден туған сарын еді.
Асанқайғы абыздың дәстүрін жалғастырушы Абылай хан заманының абызы деп Бұқар жырауды айта аламыз. Бұқар жырау Абылай ханның ақылгөйі, әрі көріпкел сұңғыла білікті, өлеңді өнер тұтынған жырау аталуы – тарихи шындық. Асанқайғының әз Жәнібек ханға айтқан көріпкелдік мағынадағы жұмбағы:
Тіл алсаң, іздеп қоныс көр,
Желмая мініп жер шалам
Тапқан жерге ел көшір...
Әй, Жәнібек, ойлансаң,
Қилы, қилы заман болмай ма?
Суда жүзген ақ шортан,
Қарағай басын шалмай ма?
Мұны неге білмейсің... -
деп, Асанқайғының көріпкелдікпен болжап айтқан жұмбағының шешуін Бұқар жыраудан сұрағанда, Абылайға былайша жорып таратып жеткізетіні бар:
Хан Абылай, Абылай...
Қарағай судан қашықтап
Шөлге біткен бір дарақ.
Шортан – шөлге шыдамсыз,
Балықтан шыққан бір қарақ,
Ойлама шортан ұшпас деп.
Күнбатыстан бір дұшпан
Ақыры шығар сол тұстан.
Жаяулап келер жұртыңа!
Жағалы шекпен кигізіп,
Балды май жағар мұртыңа.
Жебірлерге жем беріп,
Ел қамын айтқан жақсыны
Сөйлетпей ұрар ұртына.
Бауыздамай ішер қаныңды,
Өлтірмей алар жаныңды,
Қағазға жазар малыңды,
Есепке салар барыңды,
Еліңді алар қолыңнан,
Әскер қылар ұлыңнан!
Бұл айтқаным, Абылай,
Болмай қоймас артынан, –
деп көрегендікпен толғай сөйлеген өлең жолдарында түбінде Ресей тарапынан отаршылдықтың бодандық қамыты мойынға ілінерін меңзеп отыр.
Абылайдың абызы Бұқар жыраудан кейін, хандық биліктің заманы өтіп, ел билеу жүйесі отаршылдық қалыпқа түскен соң-ақ қасиеті бар, ақылгөй өнерпаз, алдын болжай алар көріпкел абыздар болса да, заманы өзгеріп өз биігіне өрлей алмай қайғылы ойға тұншығып арманда кеткен дарындар да өмірден өтіп жатты. Осы құбылысты ескере отырып Абай «Ол кезде шала-пұла хат таныған кісісі болса – оны «абыз» дейді екен. Ол «абыз» демек әуелде шаман дініндегілердің өз молдасына қоятын аты екен» (Абай. Алматы, 1995, 2 том, 222 бет), – деп ой жүгіртуі арқылы абыздың көне болмысы өзгеріп, уақытына қарай евенкі тіліндегі елерген, делебесі қозған шаман деген деңгейге шейін түсіп кеткен қалыпты аңғартады.
Ал, Ресей патшалығы мен Кеңестік заманда абыз атаулының шығу мүмкіндігі болмағаны кімге де болса анық еді. Шәкәрім қолдан билік кеткен Ресей бодандығы заманында «Ел ғайыптан хабар алып, болашақты болжайтын» деп табынатын ақылды, ойшыл, адал ақсақал Абыз болған» (540 бет. 2 том, 2007 жыл. Алматы), - деп көрсететіні бар. «Еңлік-Кебек» дастанында Нысан абыз Кебектің тағдырын болжап:
Ажалың биік қабақ сұрлау қыздан,
деп көріпкелдігін білдірді. Шәкәрімнің айтуынша Нысан абыз:
Ол кезде балгер болған Нысан абыз,
Шын дәулескер бақсының өзі нағыз.
Жыны айта ма, кім білсін, шыны айта ма
Айтқаны келеді деп қылады аңыз (Сонда 376 бет), -
деп абыздың бодандыққа нысана болған қысылтаяң замандағы абыздық іс әрекетінің шеңбері мемлекеттік деңгейден төмен түсіп, ірі ру, тайпа өміріндегі абыздық қалпын суреттейтіні бар. М. Әуезов те «Еңлік-Кебек» пьесасында Нысан абыз тобықты руының көріпкел, қобызын сарнатқан абызы ретінде суреттеледі.
Арабтар Тұранға VIII ғасырда ғана аяқ басты емес пе? Кейде Абыз араб сөзі деген пікір де айтлып қалады. Абыз термині шын мағынасындағы көне түрік сөзі. Этимологиясы зерттелмеуі себепті, мағынасы ашылмай келеді.
Бірақ тәуелсіздік заман желі алтын күрек желдей маңдайымызды желпи соққан тұста газет-журнал беттері мен көгілдір экранда атағы шыққан ақын-жазушы, ғалымдарды тіпті әйелдерді де пәленше абыз, түгенше абыз деп жамыратып жатырмыз. Бірақ біздің үстірт түсіп жатқан бұл мағынасы ауысқан жасампаз абыздарымыз дәстүрлі абызға мүлдем ұқсамаса да, сөз мағынасын бұзып, көрінген тұлғаны «абыздап» жатуымызға жол болсын?
Бүкіл қазақ баспасөзі парсылардың әшкерелеймін, масқаралаймын деген «паш» сөзін теріс қолданып, оны мақтан ету, мадақтау мағынасында қолданысқа түсіріп жіберген баспасөз қызметкерлері болатынды. Әр сөз қолданысын үлгі тұтатын «Егемен Қазақстан» газеті осы «паш» сөзінің тұтқынынан шыға алмай-ақ қойды. Қастерлі ата сөзіміз «абыз» сөзін де осы «паш» сөзі сияқты мағынасын бұзған қалпында қолдана бастадық.
Өткен тарихымызға назар салып, дәстүрлі ел билеу жүйесінен туындайтын лауазымдық қызмет сатылары қалыптасып, заман өзгеріп, тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге танылып жатқан заманда елдің дүниетанымы мен рухани әлемін біртұтас рухани бірлікке келтіруге ұйытқы болатын бүгінгі тәуелсіздік заманымыздың абызын іздеудеміз. Әлем таныған көреген президентіміз бар. Оның премер министрі бастаған лауазымды орындарға тағайындаған ондаған министрлері бар. Солардың бірі – көне замандағы үйсін мемлекетіндегідей ерекше мән беріп тағайындалатын ресми лауазымды абыздық дәстүрді жалғастыратын қажеттілік туып-ақ тұр.
Кеңестік заманда КПСС ОК-нің идеологиялық хатшысы, саяси бюроның белді мүшесі ретінде саналып, коммунистік мүддесі тұрғысынан ол бүкіл Одақ халқының дүниетанымы мен көзқарасын біртұтас, бір қалыпта қалыптасуын қалт жібермей қадағалап отыратын. Бірақ ол хатшының бойынан көріпкелдік алдын болжай алатын көрегендікті көрген емеспіз. Тек саяси-идеологиялық жолдан ауытқымауды сауысқаннан да сақтықпен қадағалайтын қатыгездік болмысынан зиялы атаулы сескенетінін Ш. Айтматовтың «Кассандра таңбасы» романында кеңінен суреттеп, ой танымы жағынан бір стандартқа түскен мәңгірт ұрпақ қалыптастыруға жан сала кіріскен сексеуілдей сірескен Суслов обырызын көрсетуі КПСС ОК ұстанған құпия сырды ашқандай сезімге оралтатыны бар.
Тәуелсіз Республикамыздың сенімді болашағы үшін билік сатысында абыздың жауапты қызметтін атқарар көріпкел, тұла бойын өнер құдыреті билеген ұлттық идеологияның көрігін жағатын абыздық лауазымның орны күн өткен сайын сезілуде. Өйткені көп диаспаралы халқымыздың дүние танымы қырық қырау көрпедей шұбарала қалыпқа түсіп барады. Осы арада б.з.б. VI-V ғасырда өткен иран патшасы Даридің (б.з.б., 522-486 ж) жартасқа жаздырған «Баянды мемлекет болу үшін халықтың бір тілде, бір дінде болуын қамтамасыз ету қажет», – деп көргендікпен айтқан өсиеті дәл бізге арналып айтылғандай есітілетіні бар. Ұлттық діліміз, тіліміз, дініміз біртұтас монолиттік қалыптан отаршылдық қатігез саясат нәтижесінде ауытқып, қазақтың құрақ көрпесіндей қырық құрау алабажақ болып жатуы – аса қауіпті құбылыс. Оған самарқаулықпен қарау – қылмыс, жай қылмыс емес мемлекеттік саяси қылмыс. Олай болса осы осал жерімізді түзетіп, қоғамдық санамызды сүттей ұйытатын мемлекеттік деңгейдегі идеолог абыз қажет болып-ақ тұр...
Ертедегі Үйсін мемлекетінде билік сатысындағы сегіз билік орнына қойылатын лауазымды қаған тағайындайтын. Ал, алтыншы сатыдағы екі абызды да қаған тағайындайды. Бірақ ол абыздар көріпкел әрі ұлттық өнер атаулының қас шебері, айтулы идеолог екендігін бұкіл халық мойындаған, өнерде оза шапқан танымалы тұлға болуы басты шарт ретінде қаралған. Осы себепті қаған өз туысын, немесе жақсы көрген тұлғаны бұл орынға тағайындай алмаған, яғни абыздарға айрықша мән берілген. Осы себепті Үйсін мемлекеті, онда жасаушы бұқара халық рухани жағынан монолитті халық болып қалыптасқан болатын.
Мекемтас Мырзахметұлы
Абайтанушы ғалым,
филология ғылымдарының докторы, профессор