06 қыр, 2019 сағат 18:17

Медсақтандырудың артықшылығын халық өзі көзбен көріп, байқауы тиіс - Ләззат Ақтаева

Бүгін Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Қарағанды облысына іс-сапармен барып, әлеуметтік медициналық сақтандыруды апробациялауға қатысты кеңес өткізді. Бұл жөнінде "Ұлт ақпарат" МӘМС коммуникациялар бойынша жобалық кеңсесіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында МӘМС жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылды.

«Қарағанды облысында басталған әлеуметтік медициналық сақтандырудың пилоттық жобасы 2020 жылдың 1 қаңтарынан енгізілетін МӘМС жүйесіне барынша дайындалуға мүмкіндік береді. Сондықтан бізге осы жылдың соңына дейін қалған проблемаларды анықтап, олар бойынша жедел шешім қабылдау маңызды»,- деді вице-министр Ләззат Ақтаева.

Қарағанды облысында Денсаулық сақтау министрлігінің, Медициналық сақтандыру қорының, әкімдіктің және өңірдегі Денсаулық сақтау басқармасының, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерін біріктірген Жобалық кеңсе құрылды.

Жобалық кеңсе «пилотты» іске асыруға қатысты төрт негізгі бағыт бойынша мониторингін жүргізеді: нормативтік-құқықтық актілерді, Ақпараттық жүйелерді жетілдіру, сатып алу тәртібі, көрсетілген медициналық қызметтер үшін ақы төлеу, халықты ақпараттандыру.

«Біз үлкен дайындық жұмыстарын жүргіздік. Ақпараттық жүйелер интеграцияланған және медсақтандыруды цифрлық қолдауға толық әзір. Облыс халқының 98% интернеті бар медициналық ұйымдарға тіркелген. Аудандарға жас мамандар тартылды. Медқызметкерлерді МӘМС бойынша түрлі бағыттарда жұмыс істеуге дайындадық. Пилоттық жобаның  алғашқы аптасы жаңа жүйеге дайын екенімізді растады», - деді вице-министрге облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Облыста мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында шалғай ауылдарды   интернетпен қамтамасыз ету жоба іске асырылуда, сонда спутниктік коммуникациялардың шығындары арзандау  болады. Жалпы, облыс бойынша жыл соңына қарай 65 ауылдық денсаулық сақтау нысаны интернетке қосылады.

Медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Нұрлан Қасымов атап өткендей, медициналық сақтандыруды тестілеуге дайындық шеңберінде МӘСҚ филиалы облыстың барлық денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлесіп, тегін көмек пен МӘМС топтамаларын бөлуді есепке ала отырып, 2019 жылдың қалған 4 айында медициналық қызметтерді сатып алу жоспарына өзгерістер енгізілді.

Қордың жұмысын цифрландырудың толық циклын қамтамасыз ету үшін 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында «Saqtandyrý» ақпараттық жүйесі тестік тәртіпте іске қосылды.

«Пилоттық жобаның мақсаты - медициналық қызметтердің арнайы есебін жүргізу бойынша денсаулық сақтау саласындағы барлық ақпараттық жүйенің интеграциясын тексеру және МӘМС жүйесіндегі пациенттердің мәртебесін сәйкестендіру»,-деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі.

Кеңес барысында тұрғындарды өзектендіру және облыс халқының МӘМС жүйесіндегі мәртебесін  анықтау мәселесі талқыланды. Бүгінде 150,6 мыңның адам мәртебесі белгілі, енді 35 мыңға жуық тұрғынды сәйкестендіру керек.

МӘМС үйлестіру департаментінің мәліметінше, МӘМС кеңейтілген пакеті аясында медициналық көмектің кепілді көлемінен тыс қосымша медициналық қызметтер көрсетуге республикалық бюджеттен 2,3 млрд теңге бөлінді.

Күзден бастап облыс тұрғындары консультациялық-диагностикалық қызметтерге қол жеткізді, оған дені сау ересектерді алдын ала тексеру және бейінді мамандардың балаларды тексеруі, сондай-ақ зертханалық және диагностикалық қызметтер кіреді.

Сонымен қатар, аймақ тұрғындарына стационарды алмастыратын және жоспарлы стационарлық көмектің кеңейтілген тізбесі, кардиология, кардиохирургия, неврология, нейрохирургия, травматология және ортопедия сияқты бейін бойынша ересектер мен балаларды медициналық оңалту қолжетімді болады.

Департамент директоры Азамат Өміртаев атап өткендей, МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығы үшін жұмыс берушілер мен жеке төлеушілер тарапынан жарналар мен аударымдардың тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет.

Облыстың мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері кеңеске қатысушыларды медициналық сақтандыру қорына уақытылы жарналар мен аударымдарды қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

«Халықты МӘМС жүйесіне белсенді түрде тарту керек, енді медициналық сақтандырудың артықшылығы туралы айтудың қажеті жоқ, оны азаматтардың өзі көзбен көріп, байқауы тиіс», - деп түйіндеді Ләззат Ақтаева.