Ішкі нарықта бағасы өскен шикізат пен материалдарды экспортқа шығаруға шектеу енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Азық-түліктен басқа тауарларға инфляция деңгейін тежеу жөніндегі шаралар аясында қажет болса, тапшылық орын алып отырған немесе ішкі нарықта бағасы өскен шикізат пен материалдарды экспортқа шығаруға шектеу енгізу көзделеді. Медициналық қызметтердің кешенді тарифтерін және бірқатар медициналық тауарлардың шекті бағасын алдын ала бекіту қамтамасыз етіледі», - деді А. Мамин.
Оның айтуныша, инфляция импорты жоғары өндірістерді ұлғайту жөнінде нақты шаралар қабылданады, оның ішінде құрылыс материалдары мен жеңіл өнеркәсіп өнімдері де бар.
«Ақша-кредит саясатының аясында, инфляцияға қарсы шараларды іске асыруға, оның ішінде экономикадағы өтімділік көлемін бақылауды күшейту жолымен іске асыруға назар аударылатын болады. Бұл шаралардың бәрі биылғы жылдың соңына дейін азық-түліктен басқа тауарлар мен ақылы қызметтердің бағасын жедел түрде тұрақтандырып, инфляцияның жалпы деңгейін бақылауға мүмкіндік береді», - деді Үкімет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында Инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешені мақұлданды.
Асқар Мамин Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатушылар үшін жалдау ақысы төмендетілетінін айтты.