07 қаз, 2021 сағат 19:04

Медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу барысында бірқатар заңсыздық әшкерленді


Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ҚР Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды Ақорда.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кезекті комиссия отырысы өтті. Жиында пандемиямен күресуге бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы және денсаулық сақтау министрлігіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар жайы талқыланды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әлемді жайлаған індетпен күресу үшін тиісті шаралар қолға алынып, бюджеттен ауқымды қаражат бөлінді. Бұл қаражат негізінен науқастарды емдеуге, ел азаматтарын қажетті дәрі-дәрмек, қорғаныш құралдарымен, медициналық құрал-жабықпен қамтуға және дәрігерлердің жалақысына үстемақы қосуға бағытталды. 

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев отандастырымызды қабылданған шараларды қолдауға шақырды. Сондай-ақ коронавирус індетіне қарсы іс-қимыл мәселелері Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қаралды. 

Пандемияға қарсы қабылданған шаралар індеттің бетін қайтарғанымен, құқық қорғау және тиісті бақылаушы мекемелер бюджеттен бөлінген қаржының кейде тиімсіз пайдаланылғанын анықтады. Атап айтқанда, мұндай жағдай медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу, емхана қызметкерлеріне үстемақы төлеу кезінде лауазымды тұлғалардың тарапынан орын алған. 

Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі денсаулық сақтау министрлігі мен оған қарасты мекемелердегі мемлекеттік сатып алу кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтады. Ал Қаржылық мониторинг агенттігі дәрі-дәрмек пен ұрлықы өнімдерді алып-сату бойынша ауқымды жұмыс жүргізген. Қаржы министрлігі медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу барысында бірқатар заңсыздықтар орын алғанын әшкереледі. 

Жиында коронавируспен күреске бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы бойынша және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған іс-қимыл шаралары жөнінде ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Цой және бірқатар облыс әкімдері баяндама жасады. 

Комиссия отырысында жауапты орган басшыларына жемқорлықты анықтап, алдын-алумен қатар, Мемлекет басшысының тұрмыстық жемқорлықты жою жөніндегі тапсырмасын орындау үшін тиісті шаралар қабылдау тапсырылды. 

Жиын соңында Мемлекеттік хатшы көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырлар беріп, орындалуы қатаң бақылауға алынатынын жеткізді.