Фото: pixabay.com
ҚР Cыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров McDonald’s компаниясының Қазақстанда жұмысын тоқтатуы елдің имиджіне кері әсер етпейді деп санайды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.
Сыртқы істер министрлігінде өткен апта сайынғы брифингте журналистер McDonald’s-тің нарықтан кетуі Қазақстанның әлемдік аренадағы беделіне қалай әсер ететінін сұрады.
Смадияров қоғамдық тамақтануға қатысты мәселе министрліктің құзыретіне жатпайтынын атап өтті.
"Ешбір жағдайда да әсер етпейді. Қандай компания келмесін, бәсекелестік бар, нарық бар. Нарық өзі реттейді. Біреу келеді, біреу кетеді. Қай жерде McDonald’s кетті екен деп Қазақстанның имиджіне нұқсан келді? Жоқ, әлде елдің беделі McDonald’s арқылы бағалана ма? Басқа да әлемдік компаниялар бар ғой", - деді Смадияров.
5 қаңтарда McDonald's компаниясы Қазақстанда қызметін тоқтатқаны хабарланды. Енді McDonald’s брендімен жұмыс істеген "Food Solutions KZ" ЖШС жаңа атаумен ашылады.