06 сәу, 2022 сағат 14:07

Мәжілісте «Теңіз» жобасынан босайтын 39,5 мың жұмысшының келешегі талқыланды


ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов «Теңіз» жобасынан босайтын 39 мың жұмысшының келешегі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл мәселені Мәжілістің жалпы отырысында депутат Сәлімжан Нақпаев көтерді. 

«Бізге Атырау қаласында жұмыс істейтін «Теңізшевройл» компаниясының қызметкерлері хабарласты. Жақында «Теңіз» кенішінде ірі жобаның құрылысы аяқталады және сондағы жұмысшылар босатылады. Жалпы, компанияның болжамы бойынша, «Теңіз» кенішінде «Болашақ» кеңейту жобасы құрылысын аяқтап, 2022 жылы шамамен 39 500 адам қысқарады. Олардың 37 100-і – қазақстандық кадрлар», - деді депутат. 

Оның айтуынша, аталмыш қысқару Қазақстанның барлық өңіріндегі еңбек нарығына әсер етеді. 

«Сол себепті қазір өз өңірлеріне оралатын қызметкерлерді жұмысқа орналастыру тәртібі қарастырылған ба? «Теңізде» қазақстандықтармен бірге 2400 шетелдік кадрлар да қысқартылмақшы. Жұмыспен қамтамасыз ету кезінде басымдық біздің қызметкерлерге беріле ме, әлде шетелден келген қонақтарға беріле ме», - деп сұрады Мәжіліс өкілі. 

Сұраққа жауап берген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бұл мәселе күн тәртібінде тұрғанын атап өтті. 

«Өткенде «Теңізшевройл» басшысымен тікелей кездесу болған. Сол кездесуде Энергетика және Еңбек министрліктерімен «ТШО» арасында арнайы меморандумға қол қойылды. Ол меморандум бойынша, 39 мың адамның бәрі бір кезеңде жұмыссыз қалмайды. Олар қазір 4 кезеңге бөлінді. 2,7 мың адам бірінші тоқсанда, 9 мыңы екінші тоқсанда, 11 мыңы үшінші тоқсанда, 13 мыңы төртінші тоқсанда босатылады деп отырмыз», - деді Үкімет басшысының орынбасары. 

Сондай-ақ, ол «Теңіз» жобасына шетелден тартылған азаматтар елдеріне қайтатынын атап өтті. 

«Өзіңіз білесіз, Атырау қаласында «НСС» комп а ниясының бірнеше жобасы бар. 17,5 мың жұмыскерімізді сол жаққа тартып жатырмыз. Екіншіден, ол жерде жұмыс істейтіндердің 40 пайызы ғана Атыраудың өзінің халқы. Қалғандары негізінен 5 өңірден тартылған. Сол өңірлермен қазір қоян-қолтық жұмыс істеп, баратын азаматтардың еліне қайтуын, қайта даярлау мәселелерін де күн тәртібіне қойып, солармен күнделікті жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.