Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастамашы болған заң жобасы дауды (жанжалды) шешудің соттан тыс тәртібін, оның ішінде татуластыру рәсімдерін пайдалана отырып дамыту мақсатында әзірленді.
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметінше, татуластыру рәсімдерін қолдану саласын кеңейту, азаматтардың сот шығыстарын барынша азайту, сондай-ақ дауды (жанжалды) соттан тыс реттеуге халықтың мүдделілігін анықтау заң жобасының міндеттері болып отыр.
Заң жобасымен медиаторлар ұйымының негізгі функцияларын және уәкілетті органның құзыретін айқындайтын түзетулер енгізіледі.
Медиацияны қолдану мүмкіндігін кеңейту мақсатында онлайн-медиацияны дамытуға бағытталған түзетулер ұсынылады.
Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар Азаматтық процестік кодекске тараптарға эксаумақтық соттылықты таңдау құқығын беретін түзетулер енгізді. Сондай-ақ азаматтық процеске «сотқа дейінгі хаттама» деген жаңа институт енгізіледі, ол тараптарға сотта табысқа жету мүмкіндігін бағалауға және осыған байланысты дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттеу мүмкіндігін және басқа да бірқатар түзетулерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, комитеттер мен депутаттар енгізген өзгерістер мен толықтырулар заң жобасын заң техникасы қағидаларына сәйкес келтіруге бағытталған және редакциялық-нақтылау сипатына ие.
Аталған құжат биыл қараша айының баясында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған болатын.
